Сәуірде Stadler компаниясының алғашқы вагондары қатынай бастайды

Наурыз 4, 2026, 1:33 Т.Ж.

Келесі айда Қазақстанға Stadler жолаушылар вагондарының алғашқы легі жеткізіледі. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

ҚТЖ

– Қазір қабылдау процесі жүріп жатыр. «Қазақстан темір жолы» компаниясының хабарлауынша, сәуір айында алғашқы жеткізілімді күтіп отырмыз, – деді министр.

Жаңа вагондарды ең танымал туристік бағыттарға шығару жоспарланып отыр.

Н.Сауранбаевтың айтуынша, бұған дейін 2025 жылдың желтоқсанында 51 вагон және биыл тағы 91 вагон жеткізу жоспарланған. Сәуір айына қарай олардың жалпы саны 142 вагон болады деп жоспарланып отыр.

Оның сөзінше, жеткізілімнің кешігуі Швейцария мен Қазақстанда қолданылатын стандарттардағы айырмашылықтарға, сондай-ақ ҚТЖ тарапынан қойылған қосымша мәселелерге байланысты.

– Қазір реттеу мен баптау жұмыстары жүріп жатыр. Stadler – ірі жария компания, сондықтан мұнда айтылатын кез келген мәселе олардың биржасына және басқа да процестеріне әсер етуі мүмкін. Яғни, бұл компания үшін сезімтал тақырыптар. Жалпы, белгілі бір мәселелер бар, бірақ оларды саясаттандырудың қажеті жоқ, бұл жұмыс барысындағы мәселелер, – деп толықтырды министр.

Теги: