Сенат азаматтарды сот арқылы қорғаудың сапасын арттыру заңын мақұлдады
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Заң Мемлекет басшысының сот жүйесін реформалау және іс жүргізу заңнамасын жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген.
Сенатор Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, заңның мақсаты – қолданыстағы Кодекстер мен заңдардың нормаларын осы жылғы маусым айында Палаталардың бірлескен отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заңына сәйкестендіру.
Осы құжат аясында Қылмыстық-процестік, Азаматтық процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстеріне, сондай-ақ бірқатар басқа да заңдарға түзетулер енгізу көзделген.
Олардың негізгілері:
- азаматтық және қылмыстық істер бойынша кассациялық сатыда істерді алдын ала қарау сатысы алынып тасталады;
- кассациялық соттарда қылмыстық және азаматтық істерді қайта қараудың алты айға дейінгі мерзімі белгіленеді;
- кассациялық сотқа қолжетімділікті арттыру үшін 2027 жылғы 1 шілдеден бастап талап қою сомалары жеке тұлғалардың мүліктік талаптары бойынша 2 000, заңды тұлғалардың талаптары бойынша 30 000 АЕК-тен төмен даулар бойынша, сондай-ақ қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бойынша кассациялық сотқа жолдануға қатысты шектеулерді алып тастау қарастырылған;
- ерекше жағдайларда кассациялық сатыда қаралған кейбір сот актілерін Жоғарғы Сот судьясының ұсынуы немесе Бас прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы Сотта қайта қарау тәртібі енгізіледі;
- Бас прокурордан басқа оның орынбасарларына, Бас әскери прокурорға, Бас көлік прокурорына кассациялық сотқа наразылық білдіру құқығы беріледі.
«Сот актісін шығару мәселесінде процестік қатынастардың тұрақты болуы үшін Азаматтық процестік кодексінде «кеңесу бөлмесі және оның құпиялары» институты қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының аумағында экстремизмді немесе террористік іс-әрекетті жүзеге асыратын ұйымды тану туралы азаматтық істерді қараудың жеделдігі үшін істерді қарау мерзімдерін 1 айдан 10 жұмыс күнге дейін қысқартылады», - деді сенатор.
Депутаттың сөзіне қарағанда, құжат аясында әкімшілік істер бойынша сот актілерінің апелляциялық шағым жасалғаннан кейін заңды күшіне енетін тәртібі айқындалды.
Мұнымен қоса, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңға судья лауазымына үміткерлерді конкурстық негізде іріктеу рәсімдерін Конституциялық заңның нормаларына сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізілген.
«Атап айтқанда, заң қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша кассациялық сатының қызметін жетілдірумен қатар, азаматтардың ашық, әділ сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз етіп, сот арқылы қорғалу құқығын тиімдірек іске асыруға ықпал етеді», - деді депутат.
Жалпы, заңда азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың сапасын арттыруға мүмкіндік беретін нормалар енгізу көзделген.