«Таза Қазақстан» және жасанды интеллект: Астанада қоғамдық орындарды ластауға қарсы бақылау күшейтілді
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру аясында Астана қаласының Полиция департаменті абаттандыру қағидаларын бұзу және қоғамдық орындарды ластау деректерінің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны және қала аумағында абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 26 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау жұмысы полиция қызметкерлері мен Жедел басқару орталығының өзара іс-қимылы арқылы күн сайын жүргізіледі. Экологиялық құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде тәулік бойы жұмыс істейтін ЖБО-ның интеллектуалды бейнебақылау жүйесі маңызды рөл атқарады.
Жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған заманауи камералардың көмегімен көшелерге, саябақтарға, аулаларға және басқа да қоғамдық орындарға үздіксіз мониторинг жүргізіледі. Бұл ластау фактілерін жедел анықтауға, құқық бұзушылардың жеке басын анықтауға және қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолдануға мүмкіндік береді.
Мәселен, бейнебақылау камералары арқылы күндіз Шалкөде көшесінде қоғамдық орында темекі тұқылын тастаған 24 жастағы елорда тұрғыны анықталды. Ол қоғамдық орынды ластап, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарын бұзған. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.
Осындай тағы бір жағдай бейнебақылау камераларының мониторингі барысында анықталды. Тілендиев көшесіндегі дәмханалардың бірінің маңында ер адам темекі тұқылын кәріз жүйесіне тастаған. Оның әрекеті абаттандыру және аумақтың санитарлық жағдайын сақтау қағидаларын бұзу ретінде қаралып, жеке басы анықталғаннан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Астана қаласының Полиция департаменті тазалықты сақтау әрбір азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатынын еске салды. Алғашында болмашы көрінетін құқық бұзушылықтардың өзі, мысалы темекі тұқылын немесе ұсақ қоқысты тастау, қалалық ортаның жағдайына кері әсер етіп, қоғамдық мінез-құлық мәдениетіне ықпал етеді.
Полиция елорда тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, заң талаптарын сақтауға және қоғамдық орындардың тазалығын қолдауға шақырады.