Үкімет отырысы: Олжас Бектенов министрліктерге қандай тапсырмалар берді

Там. 11, 2026, 10:29 Т.Қ.

Үкімет отырысында Премьер-министр жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік қызметтерді дамыту үшін министрліктер мен өзге де мемлекеттік органдарға бірқатар міндет жүктеді.

Фото: Үкімет

Ең алдымен, ол ел өмірінің әр саласына, азаматтарға және бизнеске мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде озық технологиялар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу жөніндегі Президент тапсырмасын еске салды. Сонымен бірге, жасанды интеллект құралдарын шешім қабылдауда пайдаланып қана қоймай, олардың көмегімен мемлекеттік қызметтерді көрсетудің толыққанды цифрлық экожүйесі қалыптасуға тиіс екенін атап өтті.

– Бұл ретте мемлекет пен азаматтың өзара іс-қимыл моделі одан әрі де шешімдерді проактивті түрде қабылдау қағидатына негізделуі қажет. Бүгінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласы цифрландырудың жоғары деңгейіне жетті. «Электрондық үкімет» порталы толығымен жаңғыртылып, жаңа eGov 3.0 платформасына көшірілді. Енді мемлекеттік органдар артық қадамдар мен құжаттарды алып тастап, өз қызметтерін осы платформа арқылы көрсетуді қамтамасыз етуге тиіс. Қазірдің өзінде eGov GPT цифрлық ассистентінің диалог терезесі арқылы 50 қызмет қолжетімді. Ол қажетті өтінімді өзі рәсімдеп, дайын нәтижесін ұсынады, – деді Олжас Бектенов.

Ол Жасанды интеллект министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін цифрлық ассистент арқылы көрсетілетін қызметтер санын 150-ге дейін арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ, тиімділігі дәлелденген шешімдердің қолданылу аясын кеңейтіп, оларды тұрақты өнеркәсіптік пайдалану режиміне көшіру қажеттігін мәлімдеді.

Үкімет басшысының сөзінше, бұл бағыттағы жарқын мысалдардың бірі – «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы. Ол азаматтарға жұмысқа тезірек орналасуға, оқу курстарын таңдауға және онлайн режимде қолдау алуға мүмкіндік береді.

– Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, аталған сервисті осы жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірінде іске қоссын, – деді ол.

Одан бөлек, бизнеске арналған цифрлық құралдарға ерекше назар аударған жөн. Премьердің айтуынша, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған қызметтердің 60%-ы әлі күнге дейін қағаз түрінде көрсетіліп келеді. Бұл жағдайды өзгерту қажет.

– Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін көрсетілетін қызметтерді түбегейлі қайта қарап, оларды дереу цифрландыруды және eGov Business платформасына шығаруды тапсырамын, – деді ол.

Сонымен қатар, «Электрондық лицензиялау» порталының жұмысындағы түйткілдерге де тоқталып, рұқсат беру және лицензиялау жүйесін толық жаңғырту қажеттігін мәлімдеді. Жасанды интеллект министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған жұмысты 6 ай ішінде аяқтауға міндеттелді.

Олжас Бектенов Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдарға нақты бес бағыт бойынша тапсырма берді.

– Бүгінде көптеген деректер базасы әлі де жеткілікті деңгейде интеграцияланбаған. Жүйелер осы уақытқа дейін әртүрлі технологиялық шешімдер негізінде жұмыс істеп келеді. Сондықтан мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерді жаңа бірыңғай «QazTech» платформасына көшіру және интеграциялау үдерістерін жандандыруы қажет. Сонда ғана азаматтарға цифрлық қызметтер көрсетудің бірыңғай әрі тұтас жүйесін қамтамасыз етуге болады. Жасанды интеллект министрлігі осы жұмысты үйлестіруді күшейтсін, – деді ол.

Содан кейін халыққа қызмет көрсету орталықтарын AI-офистерге трансформациялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, бұл тек салалық ведомствоның ғана міндеті емес. Әрбір өңір жаңа цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруға мүдделі болуға тиіс. Сондықтан әкімдіктер Жасанды интеллект министрлігімен және «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясымен бірлесіп, аталған жұмысты осы жылдың соңына дейін аяқтауы қажет.

Одан бөлек, Олжас Бектеновтың сөзінше, бүгінде азаматтар үшін цифрлық қызметтер санын көбейтіп қана қою жеткіліксіз. Олар қажетті нәтижені жылдам әрі еш кедергісіз алғысы келеді.

– Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биыл бірден көрсетілетін форматқа көшіруге болатын қызметтердің тізбесін айқындауды тапсырамын. Бұл ретте көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау немесе соттылығының бар-жоғы туралы анықтама беру сияқты қызметтерді үлгі етіп алуға болады, – деді ол.

Төртіншіден, Үкімет басшысының мәлімдеуінше, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтері – инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тікелей ықпал ететін факторлардың бірі. Алайда бизнес өз нысандарын коммуналдық инфрақұрылымға қосу үшін көп уақыт жоғалтады. Мұндай қызметтерді көрсетуге қатысты өтінімдерді қарау мерзімдерін созбай, жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Монополия субъектілерінің белгіленген мерзімдерді қатаң сақтай отырып, қызметтерді цифрлық форматта көрсетуін қамтамасыз ету Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылды. Бұл жұмыстарға екі ай берілді.

– Тағы бір мәселеге назар аударғым келеді. Биыл наурыз айында азаматтардың коммуналдық қызметтермен шарттарды проактивті түрде бекітуі бойынша пилоттық жоба аяқталды. Бұл іс жүзінде өте ыңғайлы сервис болды, шарттар автоматты түрде жасалды. Алайда тәжірибе жалғасын таппай, тоқтап қалды. Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, аталған қызметті барлық өңірде толыққанды енгізсін, – деді ол.

Бесіншіден, Премьер-министр Digital Qazaqstan стратегиясы қабылданғанын еске салды. Бірақ оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын келісу жұмысы созылып кеткен.

– Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жұмысты дереу аяқтап, бір апта ішінде Үкіметке тиісті қаулы жобасын енгізуді тапсырамын, – деп түйіндеді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, аталған бес мәселе бойынша бақылау мен үйлестіру Жаслан Мәдиевке жүктелді.

Теги: