Ұлы тұлғаларға тіл тигізуге жол бермейтін шараларды күшейту керек

Қаз. 9, 2024, 6 Т.Қ.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжанов мәлім етті.

Kazinform

«Соңғы кездері қоғамда адам баласының жағасын ұстататын жағдайлар толастамай тұр. Ар мен ұят босағада қалып, өсек пен өтірік, жәдігөйлік пен қатыгездік ұрпақ санасын улап, қоғамды шырмап барады. Өкінішке қарай, кейінгі кездері қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға тас атып, мансұқтап, бағытынан адасып жүрген жастарымыздың қатары көбейіп барады. Жақында әлеуметтік желіде ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының сынып бөлмесіндегі бейнесін бас салып тоқпақтап, жұдырықтап жатқан оқушының әрекеті жанымызды түңілдірді. Ал күні кеше надандық пен топастықтың қиылысқан нүктесінен бүр жарған жас бала қазақ поэзиясының таутұлғасы Мұқағали Мақатаевтың аруағына тіл тигізіп, елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Бұл келеңсіз оқиға бүкіл қоғамның жанын түршіктірді», - деді Ж. Әшімжанов Премьер-Министр мен Бас прокурордың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, тиісті құзырлы орындар мен жауапты мемлекеттік органдар тарапынан мұндай қадамдарға тиісті құқықтық бағасы уақытылы берілмеген жерде, түрлі әлеуметтік топтар өз бетінше жазалау шарасына көшеді.

«Әлеуметтік желілерде тарихи тұлғаларға ғана емес, тіл мен дінге, ұлттың намысына, түрлі әділетсіздіктерге байланысты өз бетімен «жазалау» шаралары аз емес. Мұқағалиға қатысты жағдайда да ашуға булығып, шарасыздыққа ұшыраған азаматтар сондай қадамға барды. Жеке аккаунтында адам жинап атаққа шығам деген баланы әке-шешесімен ақынның туған жеріне алып барып, кешірім сұратты. Жанұшырған қарт кісінің тау баурайын жаңғыртқан жанайқайының түп тамыры қайда жатыр? Намыстан жарыла жаздаған жұрттың бұл қадамын қоғам әртүрлі қабылдады, әрине. Алайда, рухани тұрғыда кез келген кері әрекетке тиісті уәкілетті органдар тарапынан жауап берілмеген жерде осындай жағдайлар орын алады. Ел Президентінің сәт сайын «қоғамда Заң үстемдігі және тәртіп салтанат құру керек!» деген сөзінің түп мағынасы осы емес пе, ағайын!», - деді депутат.

Оның пайымынша, қоғамда рухани тұрғыдан азғындаған тобырлық мәдениет қатты белең алып барады. Мұның басты себебі – патриоттық сана мен ұлттық тәрбиеде, отбасылық құндылықта кетіп жатқан кесел-кемшіліктер. Сосын науқаншылдық пен жалған жасампаздықтың, мемлекет қазынасын желге ұшырып жатқан жемқорлықтың кесірі.

«Елдің ертеңін сеніп тапсыратын ұрпақ қалыптастырамыз десек, үкіметтік деңгейде жеделдетіп Ұлттық құндылықтар жүйесіне арналған мемлекеттік Бағдарлама әзірлеу қажет. Балабақшаларда, мектептерде, оқу-ағарту бағытында бұлжымас ұлттық тәрбие мен патриоттық іс-қимыл шаралары жүзеге асырылуы тиіс. Үкімет ұлтымыздың ұлы тұлғаларына тіл тигізуге, қорлауға жол бермейтін шараларды заңдық тұрғыдан қолға алуы керек деп санаймыз. Ел мақтаныштарының ар-намысын аяққа таптағандар Заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алған жағдайда ғана ұлттық құндылықтарымызды қастерлей аламыз», - деді Жанарбек Әшімжанов.

Теги: