2026 жылы МӘМС деректерін беретін мемлекеттік органдардың тізімі жаңартылады
Үкімет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне деректер ұсыну тәртібін реттейтін қаулыға өзгерістер енгізді. Құжат 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Түзетулер Қазақстан азаматтары мен елде уақытша жүрген шетелдіктер туралы мәліметтерді беруге жауапты мемлекеттік органдардың тізімін нақтылап әрі кеңейтеді. Бұл ретте құжат Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінен келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелеріне де қатысты.
Бұрынғыдай барлық дерек «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жолданып, одан әрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ақпараттық жүйесіне береді.
Сонымен қатар өзгерістер «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 26-бабының 1-тармағы мен 26-1-бабының 1-тармағына сілтемелерді нақтылап, тұжырымдамаларды және жауапты органдар тізімін жаңартуды көздейді.
Негізгі жаңашылдықтар:
Қаулыда деректерді беру тәртібі тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, сонымен қатар шетелдіктер мен ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттары және олардың отбасы мүшелеріне қатысты нақтыланған.
1-тармақта деректер құжаттың қосымшасында көрсетілген барлық мемлекеттік орган тарапынан берілетіні белгіленген.
Жаңа өзгерістердің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне де қатысы бар. Енді министрлік деректерді «Еңбек нарығы», «Зейнетақы және жәрдемақы алушылардың орталықтандырылған деректер базасы», «Төлемдерді өңдеу ұйымы» және талдамалық шешім «Цифрлық отбасы картасы» сияқты түрлі ақпараттық жүйелер арқылы береді.
Атап айтқанда, министрлік келесі санаттар бойынша деректерді ұсынады:
— тіркелген жұмыссыздар;
— мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған, жұмыс істемейтін жәрдемақы алушылар;
— I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын тұлғалар;
— зейнеткерлер мен екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері;
— үш айдан астам уақыт бойы зейнетақы жарнасын төлемеген және әл-ауқаты дағдарыстық жағдайдағы жұмыс істемейтін азаматтар.