3,5 тоннадан асатын жүк тасымалдарына құжаттарды цифрлық тіркеу міндетті болады
Қазақстанда 2026 жылғы 1 маусымнан бастап 3,5 тоннадан асатын жүк тасымалдары үшін жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттарын Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінде (КҚББЖ) міндетті тіркеу енгізіледі.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл талап ауыр жүк тасымалдайтын автокөлік құралдарын пайдаланатын нарық қатысушыларына қатысты болады.
– 3,5 тоннадан асатын көлік құралдарымен жүзеге асырылатын барлық тасымалдар бойынша жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттары КҚББЖ жүйесінде міндетті түрде тіркелуі тиіс. Бұл талап тасымалдау үдерістерін цифрландыруға және олардың ашықтығын арттыруға бағытталған, – делінген хабарламада.
Аталған норма Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы №546 бұйрығына 2020 жылы енгізілген. Кейін жүйені жетілдіру және бизнеске бейімдеу мақсатында уақытша міндетті емес сипатта қолданылған.
– Құжаттарды жүйеде тіркеу тасымалдауды ресімдеуді жеңілдетуге, қағаз құжат айналымын қысқартуға және ақпаратқа электрондық форматта қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті ведомство.
Сонымен қатар құжаттарды тіркемеу немесе жалған мәлімет енгізу әкімшілік жауапкершілікке әкелетіні ескертілді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-1-бабына сәйкес құжаттарды ресімдемеу, тіркемеу немесе жалған деректер енгізу үшін жауапкершілік қарастырылған.
КҚББЖ жүйесі - тасымалдаушылар мен мемлекеттік органдар арасында құжаттарды тіркеу, сақтау және алмасуды қамтамасыз ететін цифрлық платформа. Жүйеге тіркелу esutd.gov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.