«АЭС құрылысының экологиялық аспектілері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
11.09.2024 күні С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «АЭС құрылысының экологиялық аспектілері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы аясында берілген тапсырмалар мен міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған.
Дөңгелек үстелге университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, ғалымдар, студенттер қатысты. Іс-шара барысында атом электр станциясының (АЭС) құрылысы кезіндегі экологиялық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды.
Қатысушылар АЭС-тің қоршаған ортаға әсері, ядролық қалдықтарды басқару, климатқа әсері және қауіпсіздік шаралары туралы маңызды мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар, Қазақстандағы атом энергетикасының болашағы мен халықаралық тәжірибе мысалдары қарастырылды. Жаһандық энергия тапшылығының өсуі атом энергетикасын дамытуды талап етуде. Президент Жолдауда: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын» - деп атап өтті.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ардагер оқытушысы, техника ғылымдарының кандиданты, ҚР құрметті энергетигі Владимир Яшков “АЭС - баламасы жоқ қуат көзі” тақырыбындағы баяндамасында, елімізде атом энергетикасын дамыту үшін барлық қажетті алғышарттар бар екенін жеткізді.
Қазақстан - Уран қоры бойынша әлемде екінші орында. Ал АЭС үшін уран - отын өндірудің тиімді технологиясы. Уран, тантал өнімдерін өндіру бойынша «Үлбі металлургия зауыты» АҚ жұмыс істейді. Атом электр станцияларының қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына қатысты мәселе жоқ. Халықаралық жіктеу бойынша атом электр станциялары «жасыл энергетика» бөліміне енгізілді. Бұл олардың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын растайды. Қазақстанның оңтүстігінде 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы шамамен 2 ГВт құрайды. Қазір Алматы облысында АЭС салу мәселесі қарастырылып жатыр. Үлкен кенті – ұлттық электр желісінің топографиясы тұрғысынан ең қолайлы алаң, - деді профессор.
Сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысқан Геоэкология зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Дәурен Құлбатыров, “Қазақстанда атом электр станцияларын (АЭС) салу: оң және теріс жақтары” тақырыбынба пікір білдірді.
Ол өз баяндамасында, Атом электр станциясы елдің тұрақты экономикалық дамуы мен энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін маңызды қадам болмақ. Біздің басты басымдығымыз – экологиялық қауіпсіздік. Қазіргі заманғы технологиялар мен халықаралық тәжірибе АЭС-тің қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Экологиялық стандарттарды қатаң сақтау арқылы біз еліміздің табиғи ресурстарын қорғауға және болашақ ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдыруға ұмтыламыз, - деді.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелде техника ғылымдарының кандиданты, профессор Ақмарал Қонарбаева “АЭС-тың экологияға әсері” бойынша баяндама жасаса, Н.К. Нәдіров атындағы Мұнай-химия инженериясы және экология институты 4-курс студенті Даниал Нариманұлы “Атом электр станция салынуы және оның алғышарттары” тақырыбында өз пікірін ортаға салды.
Іс-шарада ядролық технологиялардың қауіпсіздігі, атом энергетикасын дамыту алғышарттары, энергетика саласы үшін кадр даярлау мәселесі туралы айтылады. Дөңгелек үстелде сөз алған сарапшылар атом энергетикасының тиімділігі мен экологиялық аспектілерін теңдестіре отырып дамыту маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, экологиялық талаптарды қатаң сақтау мен халық арасында ақпараттандыру деңгейін арттыру керектігін жеткізді.
Дөңгелек үстелдің қорытынды бөлімінде спикерлер АЭС ел экономикасын дамытуға зор септігін тигізетінін және көмір қышқылын ауаға тарауын азайтып, экологияға әсерін жақсартанын айтты.