Алаяқтық асқынып барады

1 Шілде 2023

Бүгінгі күнде қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі алаяқтық жолмен адамдарды алдау болып отыр. Кісі ақысын жеудің, алдау, арбау жолымен ақша табудың қияметте де азабы зор болатыны асыл дінімізде де айтылады. 

Алаяқтық асқынып барады

Заңдық тұрғыдан жазалау, түрлі тосқауылдар қойылғанымен де «адам аласы ішінде» түрлі алаяқтық фактілер жиі ұшырасып жатады. Бұл мәселені бүгін мемлекеттік деңгейде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтеріп, алаңдаушылық білдірді.

«Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде. Мысалы, жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматтарды қажылық парызын өтеуге алып барамыз деген. Енді кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының  полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компаниялардың заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде әрине адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар.  Енді мемлекетіміз яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет. Ал ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек дәл осындай өзекті мәселелерді оңтайлы шешуіміз керек», — деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде.

Құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлерінің алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы алаяқтардың әрекеті белең алып тұрғанын, бұған қоғам болып қарсы тұру қажеттігін баса айтты.

Мемлекет басшысының көтеретін мәселесіне айналатындай даулы әңгіменің болғаны бірінші рет емес, жалпы елімізде туристік компаниялар арасында   таристердің қаржысын алаяқтық жолмен жымқырып, тиісті келісімшарт негізінде көрсетілген қызмет түрін ұсынбайтын компаниялар баршылық және олардың бірін жауапкершілікке тартып, басшылығына қылмыстық іс қозғалып, жазасын арқалағаны өзгелерге сабақ болатын емес.

Мысалы, Алматы облысы, Жамбыл ауданы Қошманбет ауылының тұрғыны, кәсіпкер Өтеміс Маханов та бірнеше жыл бұрын қажылық сапар ұйымдастыратын туристік компанияның қызметіне жүгінемін деп алданып қалғанын, келісімшартта жазылған қызмет түрінің толыққанды орындалмағанын айтады.

«Бүгін Президентіміз құқық қорғау органдары мамандарының алқа мәжілісінде өте маңызды мәселелерді көтеріп, қордаланған түйткілді дер кезінде шешіп, қатердің алдын алу қажеттігін ескертті. Бірнеше жыл бұрын еліміздегі  туристік компаниялардың бірімен қажылық парызымызды өтеуге Сауыд Арабиясына бардық. Біз қазақстаннан жүрерде яғни туристік компания біздің қаражатымызды аудартып алғанға дейін түрлі уәдені үйіп-төкті. Бес жұлдызды қонақүйге орналастырып, барлық жағдай жасалатынын айтты. Ал шынтуайтына келгенде біз Арабияның құмына табанымызды  тірегенде мүлдем басқа әлемге тап болғандай күй кештік. Уәде етілген іс-шараның басым көпшілігі орындалған жоқ. Әрі құрбандыққа қой шаламыз,  халыққа құдайы тамақ таратамыз деген желеумен де қосымша қаражат тағы жинады. Бірақ бізге оның есебі берілген жоқ. Жұбайым екеуміз қажылыққа барамыз деп зейнетақымыздан тірнектеп жинадық, балаларымыздың кәсіппен тапқан адал еңбегінен түскен қаражатын қосып барып едік, үлкен өкінішпен қайттық. Сондықтан да алаяқтыққа жол бермеуіміз керек», – дейді Өтеміс Маханов.

Интернет-алаяқтық, қаржы пирамидасына тартумен қатар қызмет көрсету яғни сервистік жұмыстарды ұсыну кезінде де алаяқтықтың сан түрі ұшырасады, қандай компанияның қызметіне жүгінерде терең зерттеп, асықпай талдау жасап, байыппен қадам басу аса маңызды екенін ұмтыпауымыз керек.

Жомарт Таңқы

Тегтер: