Алдағы өзгерістер ауқымы жаңа Конституция қабылдағанмен бірдей – Ерлан Қарин
Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Тelegram парақшасында саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға бағытталған қадам туралы жазды.

Ол жұмыс тобының міндеті Парламенттік реформа бойынша ұсыныстар әзірлеу екенін атап өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Парламентті реформалау Сенатты таратуға емес, еліміздің саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға бағытталғанын еске салды. Мемлекеттік құрылысымыздың «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» басты формуласы өзгеріссіз қалады. Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның шамамен 40 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болады. Сондай-ақ шамамен 10 Конституциялық заңға және 50 кодекс пен заңға өзгерістер енгізу талап етіледі. Жұмыс тобының міндеті – Парламенттік реформа бойынша ұсыныстар әзірлеу. Сол ұсыныстардың негізінде Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы дайындалып, кейін республикалық референдумға шығарылады. Мемлекет басшысы атап өткендей, түптеп келгенде алдағы өзгерістер мен толықтырулардың ауқымы жаңа Конституция қабылдағанмен бірдей, - деді Ерлан Қарин.