Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы үшінші апта қатарынан өзгерген жоқ

25 Мамыр 2026

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азық-түлік инфляциясы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қазіргі ахуалы қаралды.

Үкімет
Фото: Үкімет

2026 жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 0,7%-ды құрады. Жылдық инфляция баяулап, 11,3%-ға дейін төмендеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш 13,5%, қаңтарда – 12,9%, ақпанда – 12,7%, наурызда – 11,7% болған.

Үкімет мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі қатарынан үшінші апта бойы 0% деңгейінде сақталып отыр. Бағаның тұрақтануына Астана мен Алматы қалалары, Шымкент, Түркістан облысы, Алматы облысы және Ақмола облысы секілді ірі өңірлер айтарлықтай үлес қосып отыр.

Бағаның ең көп төмендеуі қызанақта – 25,6%, қырыққабатта – 18,7% тіркелген. Сонымен қатар күнбағыс майы, балық, қарақұмық жармасы мен ұн арзандаған.

Алайда кейбір көкөніс түрлері бойынша өсім сақталуда. Атап айтқанда, пияз 28,6%-ға, сәбіз 15,7%-ға, картоп 10,4%-ға қымбаттаған. Үкімет жаңа піскен өнімдер саудаға шыққан сайын баға тұрақталады деп күтіп отыр.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова биыл ішкі нарықты жаңа піскен көкөністермен қамтамасыз ету тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл «Жасыл дәліз» тетігі мен импорттық өнім жеткізу есебінен жүзеге асқан.

«KTЖ Express» арқылы көрші елдерден шамамен 20 мың тонна картоп, 10 мың тонна сәбіз, 6 мың тоннадан астам пияз және 22 мың тонна қырыққабат жеткізілген. Бұл маусымдық баға ауытқуларын төмендетіп, жергілікті өнім толық піскенге дейін нарықтағы ұсынысты тұрақтандыруға мүмкіндік берген.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Түркістан облысында ерте пісетін қырыққабат жинау жалғасып жатқанын мәлімдеді. 22 мамырдағы жағдай бойынша жоспарланған 263,6 мың тоннаның 158,6 мың тоннасы жиналған.

Жалпы биыл 221,1 мың тонна картоп, 58,8 мың тонна пияз және 34,7 мың тонна сәбіз жинау жоспарланып отыр. Негізгі өнім көлемін Түркістан облысы қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Алматы және Жамбыл облыстарынан да жеткізілім күтілуде.

Үкімет өнім өткізу тізбегіндегі тиімсіз делдалдарды жою жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жыл басынан бері әкімшілік айыппұлдар саны 14,5%-ға артып, 1,5 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалған. Бөлшек саудадағы 3,5 мыңнан астам сауда нүктесін өніммен қамтып отырған 400-ден астам көтерме жеткізуші жауапкершілікке тартылған.

Айжан Бижанованың айтуынша, тауар өткізу желілеріне жүргізілген цифрлық талдау аясында 17 мыңнан астам электронды шот-фактура тізбегі зерттеліп, сауда, салық және монополияға қарсы заңнаманы бұзудың шамамен 2,5 мың тәуекелі анықталған.

Сонымен қатар Астанада Назарбаев университеті жанындағы Ұлттық аналитикалық орталық пен Magnum бірлесіп жүзеге асырған отандық өнімдерді ілгерілету жобасының нәтижелері таныстырылды. Жоба аясында дүкендерде «Қазақстанда жасалған» деген арнайы таңбалау қолданылған.

Нәтижесінде пилоттық жоба енгізілген дүкендерде қазақстандық ірімшік сатылымы 20%-ға өскен. 1 шілдеден бастап бұл тәжірибені республика бойынша кеңейту жоспарланып отыр.

Жиын соңында Серік Жұманғарин бақылау шараларын күшейтуді, оңтүстік өңірлердегі ерте пісетін көкөніс өндірушілерімен келісімшарттар жасауды жалғастыруды және өңірлерді арзандатылған астықпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Тегтер: