Алматы облысында 180-нен аса қазақстандық бітімгер халықаралық гуманитарлық құқық бойынша даярлықтан өтті
Оқыту Халықаралық Қызыл Крест комитетінің сарапшыларымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығында халықаралық гуманитарлық құқықтан екі күндік брифинг өтті.
Шараға 2027 жылы Голан жоталарындағы БҰҰ миссиясы құрамында міндеттерді орындауға дайындалып жатқан ұлттық бітімгерлік контингенттің 180-нен аса офицері мен сержанты қатысты.
Бағдарламада халықаралық гуманитарлық құқықтың негізгі нормалары мен қағидаттары, оларды бітімгерлік операциялар барысында қолдану ерекшеліктері, командирлердің жауапкершілігі және халықаралық нормаларды Қазақстанның ұлттық заңнамасына енгізу тетіктері қамтылды. Бұдан өзге Халықаралық Қызыл Крест комитетінің қызметіне, оның мандатына, ХҚКК мен Біріккен Ұлттар Ұйымынан айырмашылығы мен өкілеттіктеріне де жеке тоқталды.
Әскери қызметшілердің практикалық даярлығына ерекше назар аударылды. Жағдаяттық тапсырмаларды талдау барысында қатысушылар миссияның жауапкершілік аймағында орын алуы мүмкін оқиғалардың түрлі сценарийлерін, оқыс жағдайларға жедел әрекет етуге ұдайы дайындықты қамтамасыз ету және халықаралық гуманитарлық құқық нормалары мен БҰҰ мандатына қатаң сәйкес шешім қабылдау мәселелерін қарастырды.
– Халықаралық гуманитарлық құқықты білу – әрбір бітімгердің даярлығының ажырамас бөлігі. Миссия барысында әскери қызметшілер күрделі жағдайда әрекет етуі керек. Мұндай кезде қабылданған әрбір шешім салмақты, кәсіби әрі халықаралық құқық нормаларына сай болуы тиіс. Біз жеке құрамның құқықтық сауаттылығын барынша арттырып, өз әрекеттері үшін жауапкершілікті түсінуін қамтамасыз ете отырып, қойылған міндеттерді орындауға дайындауымыз қажет, – деді Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы полковник Уәлихан Байкенов.
Брифингке Халықаралық Қызыл Крест комитетінің қарулы күштермен жұмыс жөніндегі өңірлік делегациясының өкілі де онлайн форматта қатысты. Шетелдік сарапшы кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, алдағы миссия өтетін өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қолдану тәртібін түсіндірді.