Алматыда өзін атып өлтірген әскери қызметшінің аса маңызды нысанды күзеткені айтылды
Алматыда өзін атып өлтірген Ұлттық ұланның келісімшарт бойынша әскери қызметшісі туралы тың деректер жарияланды.
ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ниязтай Әлкешевтің айтуынша, оқиға аса маңызды мемлекеттік нысанды күзету кезінде болған.
– 22 тамызда сағат 15:15 шамасында аса маңызды нысанды күзету кезінде қатардағы келісімшарт бойынша қызмет өтеуші Абылай Сабыров өз тапаншасымен басына жарақат салып, содан қаза тапты. Бұл сарбаздың қазасы әскери қызмет атқаруға байланысты емес. Оның ата-анасы сағат үш шамасында Текелі қаласына алып кетті. Әскери бөлімге, Ұлттық ұланға ешқандай арыз-шағымы жоқ, – деді ол.
Сондай-ақ қайтыс болған әскери қызметшінің қызметіне қатысты мәлімет берілді. Ол бұған дейін Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығында мерзімдік қызмет атқарған. 2021 жылдың 5 қазанында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына шартты қызметке келген.
Ниязтай Әлкешев әскери қызметші күзетке қайғылы оқиға болардан бір сағат бұрын түскен.
Оқиғаның қалай болғанын көрген куәгерлер жоқ. Тергеу барысында оқты қалай атқаны анықталады.
Айта кетейік, Алматыда 22 тамызда қызметтік міндетін орындау кезінде әскери қызметші Абылай Сабыров өзін-өзі атып, алған жарақатынан қайтыс болды.
Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға сағат 15:15 шамасында болған.