Қазақстанда жасанды интеллект инсульт пен обырды ерте анықтауға көмектесуде

26 Қараша 2026

Қазақстанда 700-ден астам медициналық ұйым жасанды интеллект технологияларын қолданады.

ЖИ
ЖИ

Цифрлық жүйелер қауіпті ауруларды ерте анықтауға, медициналық зерттеу нәтижелерін талдауға және дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект негізіндегі оннан астам шешім қолданылады. Соның бірі – инсультті диагностикалауға арналған CerebraAI жүйесі. Ол компьютерлік томография суреттерін талдап, бас миының зақымдану белгілерін жедел анықтауға көмектеседі.

Аталған технология Астана қаласы, Ақмола, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау және Жетісу облыстарындағы 17 инсульт орталығына енгізілген. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бері жүйе арқылы инсультке күдік болған 23,5 мыңнан астам пациенттің тексеру нәтижелері талданған.

Инсультті дер кезінде анықтау емдеуді жедел бастауға, ауыр асқынулар мен мүгедектік қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, жасанды интеллект сүт безі мен өкпе обырының белгілерін ерте анықтауда, сондай-ақ стоматологиялық диагностикада қолданылып келеді.

Елімізде медициналық құжаттарды рәсімдеуге көмектесетін цифрлық көмекшілер де енгізілуде. Бүгінде Alima цифрлық көмекшісін 4 205 дәрігер пайдаланады. Пилоттық жоба аясында асқынбаған аурумен келген пациенттің медициналық құжаттарын рәсімдеу уақыты төрт есе, яғни алты минуттан бір жарым минутқа дейін қысқарған.

Бұл дәрігерлерге пациенттерді тексеруге, кеңес беруге және емдеуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жасанды интеллект медицина мамандарын алмастырмайды. Диагноз қою және ем тағайындау туралы түпкілікті шешімді дәрігер қабылдайды.

Тегтер: