«Бас прокурордың ағасы баспанамды тартып алды»

21 Маусым 2022

Бүгін «Men Media» алаңында Алматыда 16 жылдан бері сот табалдырығын тоздырып жүрген Әсия Ташанова БАҚ өкілдерінің алдында баспасөз конференциясын өткізді.

1997 жылы зейнеткер үш немересінің қамқоршысы ретінде Каменка ауылдық округі әкімінің қаулысы бойынша Қалқаман кентінен жер учаскесін алады. Қазір бұл аумақ Алматы қаласына тиесілі. Немерелерімен бірге аталмыш жер учаскесіне шағын үй салып, бақ отырғызады.

Осылай 2005 жылға дейін алаңсыз өмір сүреді. Кенет Жанасбек Мерзадинов есімді адам келіп үйді босатуды талап етеді. Ол кезде зейнеткердің қамқорлығында болған балалардың үлкені 9 жаста, кішісі 3 жаста болған екен.

«Бір күні бізге Жанасбек Мерзадинов келіп, өзін прокуратура қызметкері ретінде таныстырып, шенді бауыры Ерғали Мерзадиновтың Астана қаласында отырғанын айтып мені қорқытты. Тіпті сол тараптың өкілдері мені 2015 жылы соққыға жықты. Оған көршілерім куә. Содан бері бізде сот процестері жүріп жатыр», – деді Әсия Ташанова журналистерге.

Ақырында зейнеткерді жетім үш немересімен үйден қуып шыққан тұлғалар жер теліміне жаңа баспана салып алған. Алматы облысынан Алматы аумағына кірген жердің заңды иесі Жанасбек Мерзадинов екені белгілі болды. Ол қазіргі ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау қызметкерлері академиясының ректоры, бірнеше облыстың прокуроры, ҚР Бас прокурорының орынбасары, ҚР Әскери бас прокуроры қызметін атқарған Ерғали Мерзадиновтың туған ағасы, дейді жәбірленуші.

Жер теліміне шешім бастапқыда зейнеткердің қызы Раушан Жармұхамбетованың атына шығарылған.

«Өткен 16 жылда бірнеше рет протестпен бұзылған сот шешіміне лауазымды тұлғаның туыстары қайта-қайта шағымданып, 2016 жылы ақыры өз пайдаларына шештіріп алды. Тіпті олардың қолдарында құжаттың түпнұсқасы да жоқ», – дейді шағымданушы.

Зейнеткердің арызын қараған судьялар Жанасбек Мерзадиновпен бұрынғы әріптестері болып шыққан. 16 жылдан бері үш немересінің несібесін даулаған әжейдің шағымын жіті қаралмай келеді. Тіпті Ж. Мерзадинов аталмыш жер учаскесін әйелінің атына жазып, зәулім баспана салып алған көрінеді. Әсия әже Президентке көмек сұрап үндеу жолдады.

«Бас прокурордың ағасы баспанамды тартып алды»
Тегтер: