Биыл Қазақстанда 400-ден астам орман өрті тіркелді
Өрт қауіпті кезең басталғалы бері елімізде 407 орман өрті, 4 дала өрті және құрғақ шөптің жануына қатысты 1 186 оқиға тіркелді, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, табиғи өрттердің алдын алу мақсатында республика бойынша бақылау және профилактикалық жұмыстар күшейтілген.
– Өрт қауіпті кезең басталғалы бері орманды-дала алқаптарында және халық көп демалатын орындарда 8 993 бірлескен рейд жүргізілді. Осы жұмыстарға азаматтық қорғау, ішкі істер, табиғатты қорғау және орман мекемелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың 3 708 қызметкерінен құралған 655 мобильді топ жұмылдырылды, – делінген министрлік хабарламасында.
ТЖМ табиғи өрттердің негізгі себептерінің бірі – азаматтардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауы екенін атап өтті. Осыған байланысты ведомство тұрғындарды орманда және ашық аумақтарда от жақпауға, жанғыш қалдықтарды өртемеуге, сөндірілмеген темекі тұқылын тастамауға және өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
– Табиғи өрттердің туындау қаупін азайту мақсатында азаматтардан өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз. Әр адамның жауапкершілігі табиғатты және елді мекендерді тілсіз жаудан қорғауға ықпал етеді, – деп мәлімдеді министрлік.