Экология министрлігінде Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай мерекелік шара өтті
Ағымдағы жылдың 18 қазан күні - орман шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев сала ардагерлері мен үздік қызметкерлерін марапаттады.

Бүгінгі күні орман шаруашылығы саласында 17 мыңнан астам орманшы қызмет етеді. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстанның ормандылық деңгейі 5,1% жетті.
Мемлекет басшысының бастамасымен елді-мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу жұмыстары толық атқарылды, ал орман қоры аумағына 2 миллиард көшет отырғызу бойынша құрылған жоспардың 70% орындалды.
Бұдан бөлек, Астанамыздың айналасында жалпы ауданы 100 мың гектардан астам жасыл белдеу толық қалыптастырылды. Аталған жасыл желектер қаланың ауа сапасын жақсартып, экологиялық тұрақтылығын арттыруға және тұрғындарға қолайлы табиғи орта қалыптастыруға елеулі үлес қосуда.
Сонымен қатар Арал теңізінің құрғаған табанының 792 мың гектар аумағына сексеуіл отырғызылды.
Қазіргі таңда жабық тамыр жүйесі бар көшет өсірудің заманауи технологиялары, орман өрттерін ерте анықтау жүйелері қарқынды түрде енгізіліп, табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.
Премьер-Министр О. Бектенов өз құттықтау сөзінде: «Орман – бұл тек табиғаттың көркі ғана емес, еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының негізі. Жасыл желектерді көбейту арқылы қолайлы климатты қамтамасыз етіп, биологиялық алуан түрліліктің молаюына ықпал етіп, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыра аламыз. Сондықтан орманды қорғау, қалпына келтіру және молайту – мемлекеттің стратегиялық басым міндеттерінің бірі болып қала береді», - деп атап өтті.
Сондай-ақ, айтулы мереке қарсаңында еліміздің табиғи байлығы – ерекше қорғауға алынған аймақтар туралы кітаптің таныстырылымы өтті. Бұл кітапта адамдардың көмегімен ашық аспан астында жабайы табиғаттың тынысы сақталған мекендердің ерекшелігі мен қорғауға алынуының маңызы кеңінен баяндалған.
Шара соңында Министр, орман шаруашылығы саласының жүйелі дамуы еліміздің экологиялық қауіпсіздігінің кепілі, сондықтан орманшылардың еңбектері ел болашағы үшін маңызды екенін айтып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, игі іске табыс тіледі.