Инновацияларды дамыту тұжырымдамасы қабылданады – Саясат Нұрбек

31 Наурыз 2026

Инновацияларды дамыту бойынша жауапкершілік орталық және өңірлік мемлекеттік органдарға бекітіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

pexels
pexels

- Қазақстанда инновацияларды одан әрі дамыту үшін қажет деп санайтын бірқатар практикалық шаралар бар. Біріншіден – бірыңғай үйлестіруші тетік ретінде Инновациялық штаб қалыптастыру. Екіншіден – Инновацияларды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу. Ол осы саладағы мемлекеттік саясаттың бірыңғай стратегиялық көзқарасын айқындап, ұзақ мерзімді басымдықтарын бекітеді. Үшіншіден – инновацияларды дамыту бойынша жауапкершілікті орталық және өңірлік мемлекеттік органдарға бекіту. Төртіншіден – 2026-2030 жылдарға арналған инновацияларды дамыту бойынша салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың KPI көрсеткіштерін ұлттық және өңірлік деңгейлерде нақты индикаторлар жүйесімен бекіту. Бесіншіден – инновациялық қызметті қолдау құралдарын қаржыландыруды ұлғайту мәселесін пысықтау, - деді Саясат Нұрбек.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ғылыми және инновациялық саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі шараларды іске асыру қамтамасыз етіледі. Жақын кезеңде инновациялық белсенділікті ынталандырудың басымдықтары мен тетіктерін айқындайтын Инновацияларды дамыту тұжырымдамасы қабылданады.

- Сонымен қатар ғылымды дамыту моделін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіліп, оны экономиканың қолданбалы міндеттерін шешуге және ғылыми зерттеулердің практикалық қайтарымын арттыруға қайта бағдарлау көзделуде. Ғылыми әзірлемелерді енгізуді қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары және экономиканың нақты секторы арасындағы тұрақты өзара іс-қимыл жолға қойылады. Ғылымды қолдау құралдарының тиімділігін арттыру мақсатында Ғылым қоры қызметін коммерцияландыруға және жобаларды түпкі нәтижеге дейін жеткізуге қайта бағдарлау бойынша жұмыс басталды. Сондай-ақ ғылыми саланы басқару тетіктерін қайта баптау бойынша жұмыс қолға алынды. Бұл қабылданатын шешімдердің ашықтығын, басқарылуын және нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді министр.

Тегтер: