Қаңтар атауы қайдан шыққан

1 Қаңтар 2024

Қаңтарда қаңтарулы ат басының жерге жетпейтіні сияқты күн көзі де одан әрі төмендеп, көкжиекке жақындай алмайды. Осыдан қаңтар атауы шыққан.

Қаңтар атауы қайдан шыққан

Әлемдік күнтізбелерді зерттеген ғалым Мыңбай Ысқақов 1963 жылы жарық көрген «Халық календары» атты кітабында қаңтар – күннің «қаңтарылып байланатын», одан әрі тұқырып қысқара алмайтын айы екенін жазады.

«Түс кезінде күн көзі аспанның оңтүстік жағында және сол күнгі ең биік деңгейде болады. Бұл деңгей күн сайын өзгереді. Оның жыл ішіндегі ең биік қалыпта болатын уақыты – жазғы күн тұқырау (22 маусым), ең төмен қалыпта болатын уақыты – қысқы күн тоқырау (22 желтоқсан). Қаңтарулы аттың басының жерге жетпейтіні сияқты, қаңтардағы күн көзі де одан әрі төмендеп, көкжиекке жақындай алмайды. Ғасырлар бойы аспанды бақылап, жазық далада өмір сүрген қазақ халқы күн қозғалысының бұл ерекшелігін ерте заманда-ақ аңғарған. Осы бақылаудың нәтижесінде қаңтар атауы шыққан», – деп жазады ғалым.

Оның атап өтуінше, қаңтарда күн қысқарып, түн ұзарып болады.

Осыған сәйкес болғандықтан, ежелгі түркі тілінде безбен таразының таяғы да қаңтар деп аталған: безбеннің бір басы көтеріліп, екінші бас төмендеп барып тоқтайды.

Чуваш тілінде оңтүстік жақты және түс уақытын қаңтар дейді. Бұл да қаңтардың қазақша мағынасына жақын.

Тегтер: