«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында елімізде қандай шаралар жүзеге асырылады

12 Наурыз 2026

Қазақстанда 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл құжат балалардың қауіпсіздігін арттыруға, ықтимал қауіптерді болдырмауға және балаларға жан-жақты қолдау көрсету механизмдерін жетілдіруге бағытталған. Тұжырымдама аясында жаңа жүйелік тәсілдер енгізіліп, цифрлық технологиялар кеңінен пайдаланылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабаралады.

Оқу-ағарту министрлігі
Оқу-ағарту министрлігі

Республикада 6,2 миллион отбасы тіркелген болса, оның шамамен 3 миллионы – балалы отбасылар. Отбасыларға кешенді қолдау көрсету мақсатында ел бойынша 131 отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл шаралар отбасы институтын нығайтуға ықпал етеді.

Тұжырымдамада отбасыны қолдаудың жаңа бағыттары қарастырылған. Оларға некеге дейінгі кеңес беру, ata.ana.kz платформасында жауапты ата-ана болуға арналған интерактивті курстар, «Ата-аналар академиясы» жобасын кеңейту, ата-аналардың баланың мектеп өміріне қатысуын заңнамалық тұрғыда бекіту, сондай-ақ алименттік қатынастарды жетілдіру және туыстардың уақытша қамқорлығын реттеу кіреді.

Кейінгі жылдары балаларды қорғау саласында оң өзгерістер байқалады. Соның ішінде соңғы 10 жылда жетім балалар ұйымдарындағы тәрбиеленушілер саны 54%-ға азайып, интернат желісі 24%-ға қысқарды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 3 мың жетім бала отбасыларға орналастырылды.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарында жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатыр. Бұл жүйе агрессия, жанжал немесе буллинг сияқты жағдайларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бірнеше өңірде жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитикалық жүйені енгізу бойынша пилоттық жобалар жүргізілуде. Мысалы, 2025-2026 оқу жылында Астана қаласындағы №107 мектепте пилоттық камералар орнатылды. Қазіргі кезде мұндай жүйелер 46 мектеп пен 8 балабақшада қолданылады.

Сонымен қатар зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Елдің барлық өңірінде балаларға арналған мамандандырылған көмек кабинеттерін кезең-кезеңімен ашу жоспарланған. Бұл кабинеттерде қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі. Онда алғашқы психологиялық көмек, сот-медициналық сараптама және бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама алу сияқты қызметтер бір жерде ұсынылады. Бұл балалардың түрлі мекемелерге қайта-қайта жүгіну қажеттілігін азайтып, психологиялық жарақат алу қаупін төмендетеді. Жыл соңына дейін әр өңірде кемінде бір осындай кабинет ашу жоспарға енді.

Мектептерде ерекше назарды қажет ететін балаларға педагогикалық сүйемелдеу жүйесі енгізіледі. Әр бала үшін педагогтер, мектеп психологтары және ата-аналардың қатысуымен жеке профилактикалық жұмыс жоспары әзірленеді. Бұл шара тәуекел тобына жататын оқушыларды ерте анықтап, оларға уақтылы психологиялық және педагогикалық қолдау көрсетуге бағытталған.

Балалардың жарақат алуын болдырмау мақсатында «Балалар қауіпсіздігі терезесі» атты республикалық ақпараттық акция өткізіледі. Науқан терезеден құлау жағдайларын азайтуға және ата-аналардың балалар қауіпсіздігіне жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Алдағы уақытта мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру аясында mGov платформасында «Баланың жолы» атты цифрлық жүйе іске қосылады. Бұл жүйе балаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын біріктіріп, мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді.

Айта кету керек, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы 2024 жылдың қаңтарында Үкіметтің шешімімен бекітілді. Бұл құжат балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты дамуына арналған алғашқы бірыңғай стратегиялық бағдарлама болып табылады. Онда 158 іс-шара мен 10 негізгі индикатор қарастырылған.

Тегтер: