Қазақстанда 250-ден астам цифрлық жоба іске асырылды

31 Наурыз 2026

Қазақстанда цифрлық жобаларды қаржыландырудың жаңа тетігі енгізіліп, оның нәтижесінде 250-ден астам жоба іске асырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.

Astana Hub
Astana Hub

Министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында astanahub.com платформасы негізінде Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесі іске қосылған.

– Қазақстанда алғаш рет ғылыми инфрақұрылым деректері толық цифрландырылды. Қазіргі таңда платформада 2000-нан астам IT-компания, 100-ден астам өнеркәсіп кәсіпорны және 900-ден астам ғылыми ұйым мен зертхана біріктірілген. 2025 жылы порталға 1,7 млн пайдаланушы кіріп, жалпы қаралым саны 35 млн-нан асты, – деді Жаслан Мәдиев.

Оның сөзінше, цифрлық жобаларды қаржыландырудың тұрақты тетігі қалыптасқан.

– Жер қойнауын пайдаланушылардың 1% аударымдары есебінен 120-дан астам кәсіпорын қамтылып, 250-ден астам цифрлық жоба іске асырылды. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 280-ге жуық отандық IT-компания тартылды. Жалпы қаржыландыру көлемі 32 млрд теңгені құрады, – деді министр.

Министр нақты жобалардың нәтижесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қызылорда облысында енгізілген «Цифрлық кен орны» жобасы мұнай алу коэффициентін 92%-ға дейін арттырған. Сонымен қатар шығындар 10%-ға қысқарып, басқару тиімділігі 20%-ға өскен.

Ал Абай облысында енгізілген позициялау жүйесі өндіріс алаңындағы қызметкерлердің орналасқан жерін 1 метрге дейінгі дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өндірістегі қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.

Жаслан Мәдиевтің сөзінше, цифрлық жобаларды қаржыландыру тетігі алдағы уақытта одан әрі жетілдіріледі.

– Жаңартылған тәсілге сәйкес, қаржының 0,5%-ы Astana Hub арқылы цифрландыруға, ал тағы 0,5%-ы ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағытталады. Барлық процестердің ашықтығы бірыңғай терезе арқылы онлайн режимде қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар мониторинг жүйесі жасанды интеллект құралдары арқылы күшейтіледі, – деді ол.

Тегтер: