Қазақстанда медициналық сараптамаға электронды кезек енгізілді

31 Шілде 2026

Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өту үшін электрондық кезек сервисі енгізіліп жатыр. Жаңа мүмкіндік азаматтарға көзбе-көз куәландырудан өтуге алдын ала жазылып, өзіне ыңғайлы күн мен уақытты таңдауға жағдай жасайды.

Gov.kz
Фото: Gov.kz

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл жаңашылдық мемлекеттік қызметтерді цифрлық трансформациялау жұмыстары аясында жүзеге асырылып жатыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта электрондық кезек сервисі Ақмола облысы мен Алматыда пилоттық режимде іске қосылған. Жаңа тетік МӘС бөлімшелеріне келушілерді қабылдау үдерісін тиімді ұйымдастыруға және күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

— Сонымен қатар электрондық кезек келушілер ағынын жұмыс күні бойына біркелкі бөлуге, қабылдауды ұйымдастыру тиімділігін арттыруға және азаматтар мен мамандар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған, — делінген хабарламада.

Министрлік мәліметіне қарағанда, пилоттық жоба іске қосылғалы бері алдын ала жазылу мүмкіндігін 2,8 мыңға жуық адам пайдаланған.

Ведомство өкілдері атап өткендей, цифрлық құралдарды енгізу МӘС саласындағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Бұл ретте медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргізудің қолданыстағы тәртібі сақталады.

Тегтер: