Көлік жүргізу құқығынан айырылса да, рөлге отырған 115 адам қамауға алынды
Қазақстанда соңғы бес күнде көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырған 245 жүргізуші ұсталды, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Ведомство мәліметінше, сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылған кейбір азаматтар заң талабын елемей, қайтадан рөлге отырады. Осылайша олар өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Соңғы бес күнде полиция қызметкерлері осындай 245 жүргізушіні анықтаған. Олардың 115-і әкімшілік қамаққа алынса, 130-на айыппұл салынған.
Сонымен қатар ұсталған жүргізушілердің 245 автокөлігі де арнайы айып тұрағына қойылды.
– ІІМ ұстанымы айқын: құқығынан айырылған жүргізуші көлік тізгініне отыра алмайды. Ешқандай ерекшелік жоқ. Полиция мұндай жүргізушілерге қатаң шара қолданады. Бұл жай ғана қағида емес. Бұл адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі, – делінген ведомство хабарламасында.
Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және сот шешімдерін орындауға шақырды.