«Лудомания» — қауіпті індет
Ақпараттық технологиялардың дамуымен ақшаға құмар ойындар ойнау қазіргі заманда өте қарапайым әрі көпшілік үшін тартымды істердің біріне айналды. Қазіргі уақытта әлемде құмар ойын ойнайтындардың саны халықтың 25% -нан асады және олардың айтарлықтай бөлігі ауыр зардаптарға әкелетін шынайы тәуелділіктен зардап шегеді.
Көбінесе құмар ойынға тәуелділер өзіндегі мәселелерін мойындаудан бас тартады. Алайда оның зардаптарын ойынқұмар адамның жақындары тартады. Үйден ақшаның жоғалуы, қаржылық мәселелерге душар болуы, өз-өзіне қол жұмсауы, ұрыс-керістің барлығы осы бір мәселеден туындайды. Құмар ойындарға тәуелділік отбасының әл-ауқатына және ойыншының беделіне әсер етіп қана қоймайды, сонымен қатар жұмыстың өнімділігіне теріс әсер етеді.
2017 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны ауру деп таныды және оның эпидемиологиялық сипатын атап өтті. ДДҰ мәліметтері бойынша, жыл сайын планетаның шамамен 350 миллион тұрғыны ойынға тәуелділіктен зардап шегеді. Ұйым бұл мәселенің бүкіл әлемге таралуын болдырмау стратегиясын жасау маңызды деп санайды. Қазір кешенді шаралар жүргізіліп жатыр.
Құмар ойындардың алдын алу қоғамның басты міндеті
Құмар ойындарымен күрес бүгінде Қазақстанда өте қатты белең алуда. Оған себеп, құмар ойынға тәуелді азаматтардың, ажырасқан отбасылардың саны, микроқаржыұйымдарының алған несиелердің көптігі секілді маңызды мәселелер болып отыр. Бұл мәселе Қазақстанда бұрыннан бары жасырын емес, қазір ақпараттық технологиялардың дамуы, құмар ойынның күрт өсуіне әсер етіп жатыр. Ал бұның қоғамға әсері әрқашан қолайлы бола бермейді. Құмар ойындарға тәуелділіктен зардап шегетін адамдар тек қаржымен ғана емес, сонымен қатар денсаулықпен, әлеуметтік қарым-қатынастармен және психикалық әл-ауқатпен ауыр қиындықтарды бастан кешіреді. Бұл проблемамен күресу үшін құмар ойындардың алдын алу және қоғамдағы құмар ойындарға тәуелділікпен күресу шараларын қамтитын кешенді тәсіл қажет екені анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында халық арасындағы ойынға тәуелділік мәселесін көтерді. Ол құмар ойындарға тәуелділіктің, әсіресе, онлайн құмар ойындарының дамуымен кең таралып жатқанын атап өтті. Құмар ойындарға тәуелділікке әкелетін маңызды мәселелердің бірі адамдар бәс тігу үшін пайдаланатын несиенің болуы. Банктерден және басқа да қаржы ұйымдарының ақша алудың жеңілдігі бүгінгі таңда проблеманы ушықтырып жатыр, өйткені құмар ойындарға тәуелділер құмар ойындарды жалғастыру үшін несие алуды тоқтатпайды. Қоғам белсендісі, журналист, республикалық әйел мен бала құқығын қорғау кеңесінің мүшесі Жанна Ахметованың айтуынша, мұндай азаматтарға несие алу тәртібін қиындату керек. Осыны ескере отырып, Елбасының азаматтардың жекелеген санаттарына ойын бизнесіне шектеу қоюы дұрыс жолға қойылған қадам. Сондай-ақ құмар ойын индустриясында қаржылық және басқа да теріс әрекеттердің алдын алу бойынша жұмысты күшейту маңызды қадамдардың бірі.
Жалпы, құмар ойындарға тәуелділікпен күресу тек шектеулер мен тыйымдарды ғана емес, сонымен қатар білім беру бағдарламаларын, тәуелділіктен зардап шегетіндерге қолдау көрсетуді, сондай-ақ құмар ойындардың қоғамда таралуын тежеуге бағытталған реттеу шараларын қамтитын кешенді тәсілді қажет етеді.
Өткен жылы бейресми ақпарат бойынша букмекерлік кеңселердің айналымы Қазақстанда 1 трлн теңгеге жетті. Бұл әсерлі көлем елдегі құмар ойындарға деген қызығушылықты ғана емес, олардың экономикаға әсерін де көрсетеді. Шынында да, бүгінде құмар ойындар айналымы бойынша жылжымайтын мүлік нарығын басып озды. Бұл тұрғыда құмар ойындар индустриясын реттеуге бағытталған заң жобасы қоғам үшін өте өзекті және маңызды екені белгілі болады. Статистикалық деректер бойынша, алдағы екі жарым жылда елдегі әрбір бесінші адам құмар ойнайтынын немесе онымен қандай да бір қатысы бар екенін көрсетеді. Қазірдің өзінде 400 мыңға жуық адам букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенттеріне айналған, бұл мәселені одан әрі ушықтыра түседі. Сондықтан елімізде ойын бизнесін заңнамалық реттеудің қажеттілігі өте жоғары деңгейде.
Сонымен қатар, Президент Әкімшілігі жанындағы Парламентаризм институтының Жеке заңнама орталығының жетекшісі Меруерт Қабылбаева елімізде Қазақстанда лотереяны құмар ойынмен теңестіруді ұсынып отыр. Сарапшы соңғы жылдары Қазақстанда құмар ойындарға тәуелділік өткір әлеуметтік мәселеге айналғанын баса айтты.
«Құмар ойындарға тәуелділік адамдардың психикасын және олардың отбасыларының қаржылық әл-ауқатын бұзады, сайып келгенде қоғам мен экономикаға зиян келтіреді. Мәселенің ауқымдылығын Ұлттық статистика бюросының деректері дәлелдейді, деректерге сәйкес 2021 жылы ойын қызметтері нарығының көлемі 500 миллиард теңгеден асты. Сонымен бірге, 2020 жылы ол шамамен 90 миллиард теңгені құрады. Яғни, бір жыл ішінде 10 еседен астам өсім болды. 2022 жылы саланың айналымы 553 млрд теңгеге жетті. Осылайша, қазақстандықтардың осы үш жылда ойын бизнесіне жұмсаған шығыны 1 триллион теңгеден асты», — деді Меруерт Қабылбаева.
Қорыта айтқанда, лудоманиямен күресу шаралары құмар ойындарға тәуелділіктің өсуін бақылауға, азаматтарды құмар ойындарға байланысты қаржылық және әлеуметтік тәуекелдерден қорғауға, сондай-ақ саланы тазартуға және тұтастай алғанда елдің қауіпсіздігін жақсартуға көмектеседі. Бұған кәмелетке толмағандардың құмар ойындарға қол жеткізуін шектеу, ойын қызметтерінің жарнамасын бақылау, осы саладағы заңсыз әрекеттер үшін санкциялар енгізу сияқты алдын алу шаралары жүргізілуі керек. Қазақстандағы ойын бизнесін реттеуге бағытталған заң жобасы қоғамның қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін кезек күттірмейтін қажеттіліктердің бірі десек қателеспейміз. Бұл құмар ойындарға тәуелділіктің таралуымен және оның жағымсыз салдарларымен күресудегі маңызды қадам және оны қабылдау мемлекеттік органдар мен қоғамдық құрылымдардың басым бағытына айналуы тиіс.