Мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібіне қандай өзгерістер енгізілді
Қарағанды облысында мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді.
Енді жас азаматтарды әскери бөлімдерге аттандырмас бұрын олардың денсаулығымен қатар, психоэмоционалдық жағдайы да жіті бағаланады. Бұл болашақ сарбаздың өзіне және бірге қызмет ететін жолдастарына қауіп төндіруі мүмкін факторларды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысының қорғаныс істері департаменті өкілдері азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібі мен кейінгі жылдары енгізілген өзгерістер туралы айтып берді. Әскери бөлімге жөнелтілер алдында әрбір шақырылушы медициналық комиссиядан өтіп қана қоймай, психологиялық тестілеуден де өтеді.
Мерзімді әскери қызметке 18-ден 27 жасқа дейінгі, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ ер азаматтар шақырылады. Әскери қызметшілер әскер түріне қарай Қазақстан Республикасының Қарулы күштері, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі немесе Мемлекеттік күзет қызметі қатарын толықтыруы мүмкін.
Қазіргі шақыру науқаны аясында Қарағанды облысынан мерзімді әскери қызметке 1 200 адамды аттандыру жоспарланып отыр.
Әскерге шақырылушыларды іріктеу барысындағы негізгі кезеңдердің бірі — медициналық комиссиядан өткізу. Бұдан бөлек, 2025 жылдың күзінен бастап «PSY-Риск» психологиялық тестілеуі қолданылады. Оның көмегімен жас азаматтың психоэмоционалдық жай-күйі бағаланады.
— Бұл әдістеме психоэмоционалдық тұрақсыздық пен суицидтік бейімділік белгілерін ерте кезеңде анықтауға бағытталған. Бұл өз кезегінде әскери қызметшілердің қауіпсіздігін арттырып, әскери бөлімдерде салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға ықпал етеді, — деді Қарағанды облысының Қорғаныс істері департаменті Әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыстар басқармасының бастығы Дмитрий Буксман.
Осылайша, әскери қызметке іріктеу кезінде жас азаматтың дене дайындығы мен денсаулық жағдайы ғана емес, оның психологиялық тұрғыдан қызметке қаншалықты дайын екені де ескеріледі. Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты — әскери қызмет барысында туындауы мүмкін тәуекелдердің алдын алып, әскери бөлімдердегі моральдық-психологиялық ахуалды тұрақты ұстау.
Әскерге шақырылушыларға әскери комиссияға келу қажеттігі шақыру қағазы, SMS-хабарлама немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы хабарланады.
Сонымен бірге заңнамада әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Ол, атап айтқанда, отбасылық жағдайға, денсаулық жағдайына, білімін жалғастыру қажеттілігіне және заңда көзделген басқа да негіздер бойынша берілуі мүмкін.
Мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде сарбаздар толықтай мемлекет қамтамасыз етуінде болады.
Әскери борышын өтеп, запасқа шығарылғаннан кейін де азаматтарға бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, олар несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігін пайдалана алады, ҰБТ тапсырмай-ақ, отандық жоғары оқу орындарына түсуге, жұмысшы мамандығын меңгеруге және жұмысқа орналасуға көмек алуға құқылы.