Өндірісті жаңғыртуға арналған «Өрлеу-лизинг» бағдарламасы іске қосылды

2 Наурыз 2026

Жаңа құрал шағын және орта бизнестің жеңіл лизинг алуына мүмкіндік жасап, өндіріс қуатын арттыруға серпін береді, деп хабарлайды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» баспасөз қызметі.

Үкімет
Үкімет

ҚР Үкіметінің тапсырмасын орындау мақсатында өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарын жаңғырту, техника мен жабдықтарын қайта жаңартуға арналған «Өрлеу-лизинг» атты жаңа бағдарлама іске қосылды.

— Бағдарлама аясында кәсіпкерлер 10 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қосымша кепілсіз заманауи жабдықтар сатып ала алады. Осылайша, кәсіпорындар бәсекеге қабілетті бола түсіп, тозған материалдық-техникалық база мәселесін шешеді, — делінген хабарламада.

Бағдарлама шарттары:

Максимал сома: бір қарыз алушыға 300 млн теңгеге дейін;
Мерзімі: 3-тен 5 жылға дейін;
Мөлшерлемесі: жылына өзгеріссіз 12,6%;
Мақсаты: жаңа жабдық алуға;
Аванс төлем: лизинг мүлкі құнының 10%-ы;
Лизинг алу үшін кәсіпорын жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектісі болуы, өндіріс қуаты бар және нарықта кемінде 1 жыл жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ, кәсіпорынның өткен жылғы айналымы сатып алмақ болған жабдық құнынан кем дегенде бір жарым есе асуы керек деген де шарт бар.

Жабдықты отандық зауыттан немесе өнім шығарушы зауыттың ресми дистрибьюторынан/дилерінен кем дегенде бір жыл мерзімге, кепілдік және сервистік қызметімен бірге сатып алуға болады.

Жаңа бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Даму» Қоры мен «KazLeasing» — Қазақстанның лизингтік компаниялар қауымдастығы арасында меморандумға қол қойылды.

Оның аясында бағдарламаның шарттары мен талаптарына сәйкес лизингтік компанияларға қаржы бөлінеді. Серіктестер тізімі жаңартылып, Қордың damu.kz ресми сайтына салынып тұрады.

Әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізу мақсатында бағдарламаның кәсіпкерлерге де артатын міндеттемелері бар. Бұл — мемлекеттен қолдау алу кезіндегі стандарт әрі негізделген тәжірибе. Қаржы мемлекеттік ресурстан жеңілдікпен берілетіндіктен, кәсіпкерлерден экономиканы дамытуға және жаңа жұмыс орындарын жасауға үлес қосуы күтіледі.

Тегтер: