Полиция алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті
ІІМ азаматтарды жаңа алаяқтық тәсілден сақ болуға шақырады.
— Алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін мемлекеттік органның қызметкері ретінде таныстырады. Олар «Сіз салық декларациясын уақытында тапсырмағансыз» деп сендіреді. Осылайша, банк шоттарыңыз бұғатталуы мүмкін екенін айтып қорқытады. Мәселені үш күн ішінде «шешу қажет» деген сылтаумен қысым көрсетеді.
«Жеке басыңызды растау керек» деп азаматтардан SMS арқылы келген кодты сұрайды. Осы кодты алған соң, алаяқтар банктік шоттарға қол жеткізіп, қаражатты заңсыз иемденеді, — делінген хабарламада.
Мемлекеттік орган қызметкерлері мұндай мазмұндағы қоңыраулар шалмайды және ешқашан SMS-кодтар мен растау деректерін сұрамайды;
Ешқашан бөгде адамдарға SMS-кодтарды, банк картасының нөмірі мен паролін, жеке мәліметтерді бермеңіз;
Егер күдік тудыратын қоңырау алсаңыз, әңгімені дереу тоқтатып, «102» нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз.