Шетелге оқуға жібереміз деген желеумен 152 млн теңге жымқырған орталық басшысы сотталды
Елорда тұрғыны білім беру саласында қызмет көрсетеміз деген желеумен 52 азаматтың жалпы сомасы 152 млн теңге қаражатын иемденген. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы мәлім етті.
— Кінәлі білім беру орталығының негізін қалаушы бола тұра, әлеуметтік желідегі аккаунттар және бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалар арқылы азаматтарға шетелде оқытуды ұйымдастыру желеуімен Еуропалық жоғарғы оқу орындарына түсіруді және шетелде бір жылдық тіл білімінен босатуға мүмкіндік беретін халықаралық сертификаттарды беруге уәде етіп курстарға жазылуды ұсынған, — делінген хабарламада.
Алайда уәде етілген сертификаттар берілмеген, ал шет елге оқуға түсу іс жүзінде орындалмаған. Сонымен қатар сотталғанның компаниясында көрсетілген салада қызметті жүзеге асыру үшін халықаралық аккредитация болмағаны анықталды.
Мәселен, халықаралық сертификатты алып, баласын Еуропада білім алуға дайындатуға ниет білдірген жәбірленушілердің бірі 3 млн теңгеге жуық шығындалған. Кінәлінің өзіне жүктелген міндеттерін орындауға мүмкіндігі болмағаны, ал жәбірленушілермен келісім-шартты қылмыстық ниетін орындау мақсатында жасағандығы және ұрланған ақша қаражатын өзінің жеке қажеттіліктеріне пайдаланғаны дәлелденді.
Сотталған өз кінәсін мойындамады. Сот үкімімен кінәлі 7 жылға оқу орындарын ұйымдастыруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.
Астана қаласының прокуратурасы алаяқтық жасағаны үшін мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін назарға салады.