ШҚО-да есірткіге қарсы Clean Streets қосымшасы іске қосылды

24 Сәуір 2026

Шығыс Қазақстан облысында есірткі қылмысына қарсы күреске бағытталған «Clean Streets» мобильді қосымшасы іске қосылды.

canva
Фото: canva

Жоба облыс прокуратурасының бастамасымен, Цифрландыру басқармасы және Oskemen Hub-пен бірлесіп «Codemasters Hackathon 4.0» IT-марафоны аясында әзірленген.

– Бұл бастама бұған дейін іске қосылған «STOP есірткі!» жобасының цифрлық жалғасы болып табылады. Қосымша тұрғындарға есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар туралы жедел әрі қауіпсіз хабарлауға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

Қосымша арқылы пайдаланушылар есірткі граффитилері, «бетбелгілер» (закладкалар), сондай-ақ ықтимал тарату орындары мен күдікті әрекеттер туралы ақпарат бере алады.

Жүйенің негізгі ерекшелігі – құпиялылық. Азаматтар геолокацияны көрсетіп, фотоайғақтарды тіркей отырып, мәліметтерді анонимді түрде жібере алады. Расталған ақпарат үшін «STOP есірткі!» жобасы аясында ақшалай сыйақы қарастырылған.

Жоба өңір тұрғындарын есірткі қылмысына қарсы күреске тартуға және қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, Clean Streets қосымшасы әрбір азаматқа көшелерді есірткіден тазартуға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.

Тегтер: