СІМ шетел елшіліктері мен консулдықтарын тіркеудің жаңа тәртібін жариялады
Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерін, халықаралық ұйымдарды және олардың өкілдіктерін тіркеудің жаңа тәртібін талқылауға шығарды.

Ұсынылып отырған тәртіпте елшіліктер мен консулдықтар Қазақстан аумағында жұмыс істеу үшін Сыртқы істер министрлігі арқылы тіркелетіні айтылған. Қолданыстағы тәртіпте бұл мәселе нақты көрсетілмеген. Қазіргі тәртіп бойынша өкілдіктер мен консулдық мекемелерді тіркеу үшін шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі еркін түрде нота жіберетін болса, жаңа редакцияда вербалды нота жіберу керектігі айтылған.
— Қазақстан аумағында консулдық мекеме ашу туралы вербалды нота жібереді. Вербалды нотада өкілдік пен консулдық мекеменің орналасқан мекенжайы көрсетіледі, - деп жазылған құжат жобасында.
Жаңа тәртіп бойынша өкілдіктер мен консулдық мекемелерді тіркеу туралы анықтама берілген күннен бастап үш жыл мерзімге жарамды болмақ. Министрлік өкілдіктер мен елшіліктерді тіркеумен қатар Қазақстан аумағына келген және тұратын қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін аккредиттейді.
Қызметкерлердің отбасы мүшелеріне:
1) жұбайы;
2) некеде тұрмайтын балалары: 18 жасқа толмаған; 21 жасқа толмаған және Қазақстанның жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқитын; 25 жасқа толмаған, бағып-қағудағы ата-аналары мен балалары жатады.
Сондай-ақ құжат жобасында аккредиттеу куәліктерінің санат бойынша артықшылықтары нақтыланған.
«D» сериялы аккредиттеу куәліктері шетел мемлекетінің дипломатиялық мәртебесін растайтын шетелдік паспорты болған жағдайда мына тұлғаларға ресімделеді:
1) өкілдіктердің басшыларына;
2) өкілдіктердің дипломатиялық персоналына;
3) әскери, теңіз және әуе атташелеріне;
4) Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің Р4, Р5, D1, D2 лауазымдық санаттарына жататын қызметкерлеріне, халықаралық ұйымдар мен олардың өкілдіктерінің қызметкерлеріне;
5) осы тармақтың екінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген тұлғалардың отбасы мүшелеріне.
«C» сериялы аккредиттеу куәліктері шетелдік мемлекеттің дипломатиялық паспорты болған жағдайда мына тұлғаларға ресімделеді:
1) консулдық лауазымды тұлғаларға;
2) консулдық лауазымды тұлғалардың отбасы мүшелеріне.
«T» сериялы аккредиттеу куәліктері қызметтік паспорт болған жағдайда мына тұлғаларға ресімделеді:
1) өкілдіктердің әкімшілік-техникалық персоналының мүшелеріне;
2) консулдық мекемелердің консулдық қызметкерлеріне;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғалардың отбасы мүшелеріне.
«S» сериялы аккредиттеу куәліктері шетелдік паспорт болған жағдайда, жіберуші немесе өкілдік етуші мемлекетпен өзара келісім принципі негізінде мына тұлғаларға ресімделеді:
1) өкілдіктердің қызмет көрсету персоналының мүшелеріне;
2) консулдық мекемелердің қызмет көрсету персоналының қызметкерлеріне;
3) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген тұлғалардың отбасы мүшелеріне;
4) өкілдіктердің үй қызметкерлеріне;
5) консулдық мекемелердің жеке үй қызметкерлеріне.
«M» сериялы аккредиттеу куәліктері халықаралық ұйымдар мен (немесе) олардың өкілдіктерінің қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне, егер олар осы тармақтың екінші, үшінші, төртінші, бесінші және жетінші бөліктерінде көрсетілген тұлғалар санаттарына жатпаса, ресімделеді.
«HC» сериялы аккредиттеу куәліктері өкілдік етуші мемлекетпен өзара келісім принципі негізінде құрметті консулдық лауазымды тұлғаларға ресімделеді. Бұл ретте, құрметті консулдық лауазымды тұлғалардың отбасы мүшелеріне куәліктер ресімделмейді.