Сот қателігімен 14 жылға бас бостандығынан айырылған азамат әлі түрмеде отыр
Бүгін «Men media» кросс-медиа платформасында ҰҚК бұрынғы қызметкері заңсыз қамауда отырған Айдын Алпыспаевтың адвокаттары журналистерге пресс конференция өткізді. 14 жылға заңсыздықпен қамауға алынған А. Алпыспаевтың әкесі елдегі сот жүйесіне өз ренішін білдірді.
Бұл іс қалай басталды?
2014 жылы наурыз айында Астана маңындағы Энергетик ауылында жеке кәсіпкер Игорь Кудинге шабуыл жасалған. Белгісіз біреу оған Макаров тапаншасынан үш рет оқ атады. Бірақ кәсіпкер аман қалып, күдікті деп танылған үш азаматты қамауға алады. Олардың арасында біздің кейіпкеріміз Айдын Алпыспаев та бар.
Сонымен, Қылмысты ұйымдастырды деп айыпталған Ұлттық қауіпсіздік саласының бұрынғы қызметкері Айдын Алпысбаев 14 жылға сотталды. Тапсырысты орындаушы Сергей Логвиненко 12 жылға, ал Логвиненкоға қару жеткізді деп айыпталған Мұрат Хасенов 13 жылға бас бостандығынан айрылды. Үшеуі де жазаларын қатаң режимдегі колонияда 8 жылың өтеді.
Кейін А. Алпыспаевтың бұл қылмысқа түк қатысы болмағаны анықталған. Тіпті тергеу кезінде, оған полицейдің қысым көрсеткені дәлелденген. Ал елордалық бизнесмен бұл оқиғаны ойдан құрастырғанын айтып ақталыпты. Іс бойынша, сараптаманы қолдан жасаған сарапшы да түрмеге тоғытылған. Бірақ, жазасын өтеушілер бостандыққа шықпады.
НЕГЕ қатаң үкім шығарылды?
«Men media» кросс-медиа платформасына келген соттталушы А. Алпыспаевтың 3 адвокаты және әкесі Құнанбай Алпыспаев сот өкілдеріне өз реніштерін білдірді.
«Жәбірленуші Кудиннің айтуынша, оған үш адам оқ атқан. 3 оқ тиген соң, ол өзің-өзі таңған, содан соң көлікке отырып, медициналық пунктке барған. Мүмкін емес жағдай ғой. Осының барлығы адвокаттардың күдігін туғызды. Біз барлығы жалған екенін сездік. 8 жыл көлемінде күресіп келеміз, бірақ бізді тыңдайтын заң жоқ» – деді, адвокат Ардақ Досмұхамбетов.
2014 жылы сотталушы Айдынның туған қарындасы Әйгерім осы істің басы қасында жүріп, ағасы үшін барынша күреседі. Тіпті сот судьясының заңсыз әрекеттерін де анықтаған. «Ең алғаш қылмыс сюжетін анықтаған 23 жасар Әйгерім деген қызым еді. Ол ағасы үшін барынша күресті. Бірақ оны да құзырлы орган өкілдері қорқытып, артынша қызым өз- өзіне қол жұмсап қайтыс болды»- деп, көзіне жас алды сотталушының әкесі.
Үш айыпталушыға неліктен тым қатаң жаза берілгендігі әлі де түсініксіз. Сот процесіне қатысқан прокурорлар тіпті 20 жыл сұраған екен. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылған» заманның кері ма дерсің?!