«Таза Өскемен» мекемесінің экс-басшылары 120 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

3 Қараша 2025

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «Таза Өскемен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшылығына қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

ҚМА
ҚМА

Күдіктілердің қатарында кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер 2022-2023 жылдары лауазымдық өкілеттіктерін пайдаланып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен, бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар коммерциялық құрылымдардың есепшоттарына жүйелі түрде заңсыз аударып отырған.

- Қылмыстық схеманың мәні материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеуге негізделген. Құжаттарда жол жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған техника жалдау, сондай-ақ бұрын орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажетті материалдарды алу туралы жалған деректер көрсетілген, - деп жазды ведомстводан.

Кейін бұл қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асты.

Тергеу барысында күдіктілердің қылмыстық жолмен алынған табысына сатып алынған мүлік анықталды: Өскемен қаласындағы элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер, BMW X6M және Subaru Forester маркалы автокөліктер, сондай-ақ жер учаскелері. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.

Кәсіпорынның бұрынғы директорына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі шара қолданылды.

Тергеу жалғасуда.

ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілуге жатпайды.

Тегтер: