Түркістан облысында қарт әкесін азаптағаны үшін 5 жылға сотталған адамның жазасы ұзартылды
Туған әкесін ұрып-соғып, азаптағаны үшін сотталған адам алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Жетісай ауданында 41 жастағы Алмас Садақбаевты туған әкесіне жүйелі түрде зорлық көрсеткені үшін алғашқы сот 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған болатын. Алайда Шардара аудандық прокуратурасы бұл жазаны жеңіл деп тауып, апелляциялық шағым түсірді.
Сот алқасы апелляциялық тәртіпте істі қарап, Садақбаевтың жасаған қылмысының сипаты мен қоғамдық қауіптілігін объективті түрде бағалап, жазаны күшейту туралы шешім қабылдады.
– Сот алдыңғы берілген жазаның қылмыстың ауырлығына сәйкес келмейтіні туралы қорытындыға сүйене отырып, бас бостандығынан айыру мерзімін ұзартты, – деп хабарлады сот.
Нәтижесінде Алмас Садақбаевқа түпкілікті 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енді.