Вице-Президент әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиумға қатысты

6 Қараша 2026

Вице-Президент Ерлан Қарин Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиумға қатысты.

Ақорда
Фото: Ақорда

Әл-Фарабидің мұрасын дәріптеуге арналған халықаралық симпозиумды тұрақты түрде өткізу туралы бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерді. Биыл ғылыми форум Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп жатыр.

Халықаралық симпозиумның ашылуында Ерлан Қарин Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. Президент жиынға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатында ұлы ойшылдардың озық идеяларын терең зерделеп, өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттаудың, сондай-ақ оның бәрін заманауи ғылым тұрғысынан пайымдаудың маңызды екеніне тоқталды.

– Әл-Фараби адамзатқа ортақ мызғымас құндылықтарды кеңінен дәріптеп, соңына теңдессіз мұра қалдырды. Оның парасатты адам және қайырымды қоғам туралы тұжырымдары ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Мұның бәрі ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналған «Таза Қазақстан», «Адал азамат» идеяларымен үндеседі, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Симпозиум қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде Вице-Президент әл-Фарабидің идеялары қазіргі жаһандану және технологиялық прогресс дәуірінде ерекше өзекті екенін мәлімдеді. Ерлан Қариннің айтуынша, әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай сынды көрнекті ойшылдардың мұрасы ғылыми қауымдастық тарапынан қызығушылық тудырады және қоғамның рухани-адамгершілік негіздерін нығайту ісінде айрықша рөл атқарады.

Сондай-ақ Вице-Президент әл-Фараби симпозимуы дәстүрлі ғылыми жиынға айналатынын жеткізді.

– Президент Түркістанда – Ясауи, Алматыда әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиумдарды бұдан былай тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды. Екі үлкен тұлғаға арналған мұндай жиындар кезекпен екі жылда бір рет өткізілетін болады. Бұл – рухани мұрамызды науқандық емес, институционалдық деңгейде жүйелі, кешенді зерттеуге көшкенімізді көрсетеді. Қазақстан өзінің тарихын, рухани мұрасын зерттеуді, насихаттауды жүйелі түрде қолға алуда. Бұл – ағартушылық бағыттағы үлкен бетбұрыстың белгісі, – деді Ерлан Қарин.

Форум барысында қатысушылар Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық ілімінің жаһандық гуманитарлық диалогты орнықтырудағы, жалпыадамзаттық құндылықтарды ілгерілетудегі рөлін талқылады.

Халықаралық симпозиумға еліміздің және шетелдің 150-ден астам ғалымдары, зерттеушілері, сарапшылары, сондай-ақ жетекші халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Тегтер: