Ермек Абдрасулов: Заң баршаға ортақ, оған билік те бағынуға тиіс
Заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Абдрасулов Конституциялық Соттың «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жыл сайынғы Жолдауына қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты тек азаматтарға қойылатын талаппен шектелмейді, ең алдымен мемлекеттік органдардың өзі заң талаптарын мүлтіксіз сақтауы керек.
18 қарашада Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Әзімова Құрылтай отырысында конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы Жолдауды жариялады. Бұл – жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы Жолдау.
Ермек Абдрасуловтың пікірінше, 15 наурызда өткен референдумда қолдау тапқан жаңа Конституция Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі реформаларының нәтижесі саналады. Оның пайымдауынша, Әділетті Қазақстан құрудың негізгі алғышарты – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Өйткені заңды құрметтейтін мемлекет қана берік әрі қуатты бола алады.
Профессор «Заң мен тәртіп» қағидатының мәніне де тоқталған. Оның айтуынша, бұл ұстаным көбіне азаматтардың міндеті ретінде қарастырылады. Алайда заңға бірінші кезекте мемлекеттік органдар мен билік өкілдерінің өзі бағынуға тиіс. Конституциялық Соттың Жолдауында да осы мәселе айқын көрініс тапқан.
Сондай-ақ ол «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының мәні тек қоршаған ортаны тазалаумен шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, «Таза Қазақстан» мен «Заң мен тәртіп» – өзара тығыз байланысты ұғымдар. Қоғамда тәртіп пен заңдылық орнықпайынша, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету қиын. Ал тазалық көшелер мен аулалардың тазалығын ғана емес, адамның ой-ниетінің тазалығын да білдіреді.
Ермек Абдрасулов құқық саласындағы тазалықты әділ рәсімдермен, түсінікті шешімдермен және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікпен байланыстырады. Оның айтуынша, «Адал азамат» тұжырымдамасымен үндесетін бұл құндылықтар адал азамат, жауапты мемлекет және ортақ Отанға құрмет қағидаттарын бір арнаға тоғыстырады.
Жаңа Азаматтық кодекс – маңызды міндет
Профессор Мемлекет басшысы көтерген тағы бір маңызды бастама – жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу мәселесіне назар аударды.
Оның айтуынша, қолданыстағы Кодекс өткен ғасырдың 90-жылдарында өтпелі кезең экономикасының талаптарына сәйкес қабылданған. Ол уақытта цифрлық технологиялар бүгінгідей дамымаған еді. Президент жаңа Кодексті 2027 жылдың соңына дейін қабылдауды көздеп отыр.
Ермек Абдрасулов Азаматтық кодексті «жеке өмірдің конституциясы» деп атауға негіз бар екенін айтады. Себебі бұл құжат меншік құқығы, шарттық қатынастар, мұрагерлік және кәсіпкерлік сияқты азаматтардың күнделікті өміріне тікелей қатысты салаларды реттейді. Сондықтан Конституциялық Соттың Жолдауында қамтылған құқықтық ұстанымдар жаңа Кодексті әзірлеу кезінде ескерілуі қажет.
Конституциялық Сот шешімдерінің нақты нәтижелері бар
Ермек Абдрасулов Конституциялық Сот жұмысының нәтижелерін де атап өтті. Оның келтірген мәліметтеріне сәйкес:
- Сот жұмысын бастағалы бері 18 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Өтініш берушілердің шамамен 99 пайызы – қарапайым азаматтар;
- Алдыңғы Жолдаудан бері 14 құқықтық норма Конституцияға қайшы деп танылып, күшін жойған. Тағы 19 нормаға қатысты түсіндірме берілген;
- Сот шешімдерінің негізінде прокуратура органдары мыңнан астам адамның құқығын қалпына келтірген;
- Заңсыз өндірілген қаражат пен зейнетақы берешегі ретінде 40 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған;
- 46 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған;
- Мыңнан астам сот актісінде Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарына сілтеме жасалған.
Профессор бұл көрсеткіштердің артында азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және нақты мәселелерді шешу тұрғанын атап өтті.
Оның айтуынша, Конституциялық Соттың бірқатар шешімі азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Мәселен, адамды сот белгілеген мерзімнен артық қамауда ұстауға болмайды. Қамау мерзімін ұзарту үшін бұрынғы мерзім аяқталғанға дейін жаңа сот шешімі қабылдануы қажет.
Сондай-ақ зейнетақы алу құқығы азаматтың Қазақстанда тұрақты тұру-тұрмауына тәуелді болмауға тиіс. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінің болуы олардың әрқайсысының банк құпиясына және жеке өміріне қол сұғылмау құқығын шектемейді.
Бұдан бөлек, баламен кездесу тәртібіне қатысты сот шешімін орындауға жұмсалатын шығынды ата-ананың арасында автоматты түрде тең бөлуге болмайды. Ата-ананың бірінің қаржылық жағдайының төмендігі баланың онымен араласу құқығына кедергі келтірмеуі керек.
Абдрасулов Алматы қаласындағы ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіруді шектеу туралы шешімді де мысалға келтірді. Қала әкімдігі мұндай шектеу енгізгенімен, заң бойынша бұл мәселені шешу құзыреті мәслихатқа тиесілі болған. Сондықтан Конституциялық Сот әкімдіктің шешімін Конституцияға қайшы деп таныған.
Заңгердің пікірінше, бұл жағдай мемлекеттік органдар үшін маңызды сабақ болуы керек. Өйткені мақсаттың игілікті болуы билік өкілдеріне заңда көзделмеген өкілеттікті пайдалануға құқық бермейді.
Конституциялық Соттың ұстанымдары заң әзірлеу кезінде ескерілуі керек
Ермек Абдрасулов Жолдауда көтерілген мәселелердің ішінде Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын заң жобаларын әзірлеу кезеңінен бастап ескерудің маңызын ерекше атап өтті.
Оның пайымдауынша, қабылданған заңдағы кемшіліктерді кейін түзеткеннен гөрі, құқықтық қайшылықтардың алдын ала жол бермеу әлдеқайда тиімді. Бұл мемлекет үшін де үнемді, азаматтардың құқықтарын қорғау тұрғысынан да сенімді тәсіл.
Сонымен қатар Конституциялық Сот шешімдерін орындау заңға жекелеген өзгерістер енгізумен ғана шектелмеуі керек. Абдрасуловтың мәліметінше, қазіргі уақытта 91 нормативтік қаулының шамамен 70 пайызы орындалған.
Ол Конституцияға қайшы деп танылған нормалардың заңнамаға жаңа редакциямен қайта енгізілуіне жол бермеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ осындай жағдайға тап болған барлық азаматтың құқығы қалпына келтірілуге тиіс. Құқықтық қорғау тек Конституциялық Сотқа жүгінген адамдармен шектелмеуі керек.
Заңгердің пікірінше, жаңа Азаматтық кодексте меншік құқығын, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты қорғау және құқықтарды шектеу кезінде мөлшерлестік қағидатын сақтау жөніндегі Конституциялық Соттың ұстанымдары ескерілуі қажет. Сонда жаңа Кодекс кәсіпкерлік саласымен қатар, әрбір отбасының мүддесін қорғайтын маңызды құқықтық құжатқа айналады.
Сөз соңында Ермек Абдрасулов азаматтардың өз құқықтарын білуі маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция адамдар өз құқықтарын пайдаланып, қорғай білгенде ғана толыққанды жұмыс істейді. Ал мемлекеттік қызметшілер халыққа қызмет ету үшін жұмыс істейтінін ұмытпауы керек.
«Заң мен тәртіп» қағидатының мәні – мемлекеттен қорқу емес, заңның баршаға бірдей қолданылатынына деген сенім. Заңгердің пайымдауынша, азаматтар мемлекет заң талаптарын өзі де сақтайтынына және жіберген қателіктерін түзете алатынына сенімді болуы керек.
Абдрасулов Конституциялық Соттың Жолдауы елімізде осындай құқықтық жүйенің қалыптасып келе жатқанын көрсететінін атап өтті. Ендігі міндет – онда айтылған тұжырымдардың заңнамада, сот тәжірибесінде және мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысында нақты жүзеге асуын қамтамасыз ету.