Боқаевтың сөзін сөйлету үшін куәгерді полициядан әдейі жасырып жүрді – мемлекеттік айыптау тарапы мәлімдеме жасады

23 Қараша 2026

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаев пен басқа да айыпталушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.

Яндекс
Фото: Яндекс

Бүгінгі сот отырысында прокуратура айыпталушылардың туыстары мен адвокаттарының куәгерлердің біріне – Ақылбек Хамракуловқа ықпал етуге әрекеттенгенін көрсететін материалдарды ұсынды.

Сотта жарияланған өтінішхаттан белгілі болғандай, Хамракулов айыптау тарапының куәгерлері тізіміне енгізілгенімен, ұзақ уақыт бойы сотқа келмеген. 12 қарашада оны мәжбүрлеп әкелу туралы қаулы шығарылған. Полиция қызметкерлері куәгердің тұрғылықты мекенжайына бірнеше рет барып, көршілерінен сұрау салғанымен, оның қайда жүргенін анықтай алмаған.

19 қарашада Хамракулов күтпеген жерден Алматы қаласының Алмалы аудандық сотына өз еркімен келген. Алайда жарықтың өшуіне байланысты сот отырысы кейінге қалдырылған.

Осы жағдайды ескере отырып, қала прокуратурасы Алматы қаласының Полиция департаментіне соттың мәжбүрлеп әкелу туралы қаулысының тиісінше орындалмағаны жөнінде хат жолдаған. Полициядан келген рапорт пен оған қоса берілген материалдардың мазмұны куәгерді полициядан әдейі жасыру және оның Боқаевтың туыстары мен қорғаушыларымен байланыста болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Сотқа ұсынылған бейнематериалдарға сәйкес, Хамракулов сот ғимаратының өзінде-ақ Боқаевтың туыстарымен және оның адвокаты А. Мусинамен сөйлескен. Адвокат сот отырысы басталмай тұрып куәгермен жеке әңгімелескен.

Кейін Хамракулов Боқаевтың алты туысы мен жақын адамының ортасында сот ғимаратына жақын орналасқан шайханаға барған. Арада бірнеше минут өткенде ол жерге Санжар Боқаевтың адвокаты Радмир Өтепов пен екінші сотталушы М. Қалменовтің қорғаушысы Ғалымжан Жолдасбаев та келген.

Бейнежазбалардан көрініп тұрғандай, айыптау тарапының куәгері бір сағаттан астам уақыт бойы айыпталушылардың туыстары мен олардың адвокаттарының ортасында болған.

«Қалыптасқан жағдай қорғау тарапының аталған кездесуді айыпталушылардың мүддесіне сай куәгердің ұстанымын алдын ала қалыптастыру және келісу үшін пайдалануы мүмкін деген объективті негіздер туғызады. Бұл ретте кездесуге әртүрлі сотталушылардың мүддесін қорғайтын бірден екі адвокаттың қатысуы сот назарынан тыс қалмауы тиіс», – деп атап өтті прокурор.

Алайда кездесуден кейін болған оқиғалар өзіне ерекше назар аудартады. Сол күні Хамракулов Алматыдан Қаскелең бағытына қарай «Яндекс Такси» арқылы жолға шыққан. Жүргізушінің түсіндіруінше, Қаскелеңге жақын жерде жолаушы көлікті тоқтатуды сұрап, одан түсіп, жолақысын төлеместен ізін суытқан. Осы оқиғаға байланысты жүргізуші полицияға арызданған.

Кейінгі тексеру барысында полиция қызметкерлері таксиге тапсырыс Боқаевтың туған әпкесінің және екінші фигурант М.Қалменовтің анасының телефон нөмірлерінің бірінен рәсімделгенін анықтаған.

Бір қызығы, Боқаевтың әпкесі Хамракулов бағыт алған Қаскелеңде тұрады. Ал куәгердің өзінің тұрғылықты мекенжайы басқа жерде орналасқан.

Прокурордың мәлімдеуінше, Хамракуловты қорғау тарапының мүддесіне сай жауап алу үшін полициядан әдейі жасырылған болуы мүмкін. Бұдан бөлек, мемлекеттік айыптау тарапы куәгерге айыпталушыларға тиімді жауаптар беруі үшін ғана емес, кейін сотқа қысым көрсету мақсатында БАҚ-та резонанс тудыратын мәлімдемелер жасату үшін де пара берілуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Бұл Хамракуловтың бұған дейін сотқа келмеуіне фигуранттардың туыстары мен қорғаушыларының оны жасырып, қорғау тарапына қажетті жауап беруге дайындауы себеп болуы мүмкін деген болжам жасауға негіз береді», – деді прокурор.

Сондай-ақ, прокурор Хамракуловтың жеке басына да мән берді. Бұған дейін ол ағаштарды заңсыз кескені үшін сотталған. Ал оның ағаштарды кесу және тақталарды жымқыру әрекеттеріне қатыстылығы заңды күшіне енген сот шешімдерімен расталған.

Сонымен бірге мемлекеттік айыптау тарапы маңызды процессуалдық жайтты да назардан тыс қалдырмады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының түсіндірмелеріне сәйкес, өзара байланысты қылмыстық іс бойынша бұрын сотталған адамдар бөлініп алынған іс аясында куәгер ретінде жауап берген кезде көрінеу жалған жауап бергені немесе жауап беруден бас тартқаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілмейді.

Айыптау тарапының пайымдауынша, куәгерді құқық қорғау органдарынан әдейі жасырып, қорғау тарапының мүддесіне сай жауап беруге дайындаған, тіпті сотқа қысым көрсету үшін оны көпшілік алдында мәлімдеме жасауға да итермелеуі мүмкін.

Осыған байланысты мемлекеттік айыптау тарапы соттан бейнежазбалар мен полиция құжаттарын іс материалдарына қосуды, Хамракуловты айыптау тарапының куәгерлері тізімінен шығаруды және оны айыптау тарапының да, қорғау тарапының да куәгері ретінде жауап алудан бас тартуды сұрады.

«Қалыптасқан мән-жайларды елемеуге және бұдан былай Хамракуловты айыптау тарапы үшін де, қорғау тарапы үшін де тәуелсіз әрі мүдделі емес куәгер ретінде қабылдауға болмайды деп есептейміз», – деп түйіндеді мемлекеттік айыптау өкілі.

Тегтер: