Қазақстан киіктерін сақтау тәжірибесі Нью-Йоркте таныстырылды
Нью-Йоркте өткен халықаралық ғылыми іс-шарада Қазақстанның киіктерді сақтау және олардың популяциясын қалпына келтіру тәжірибесі таныстырылды.
12 қарашада Нью-Йорк қаласында The Explorers Club халықаралық зерттеушілер ұйымының Орталық Азия бөлімшесінің (Central Asia Chapter) ресми ашылу рәсімі өтті.
Іс-шара барысында Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының (АСБК) өкілі Альберт Салемгареев еліміздің табиғи мұрасы, соның ішінде киіктерді сақтау және олардың популяциясын қалпына келтіру бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Бір кездері саны күрт азайып, жойылып кету қаупіне тап болған киіктердің популяциясын қалпына келтіру Қазақстандағы табиғатты қорғау жұмыстарының маңызды нәтижелерінің біріне айналды.
– Бұл нәтижеге көпжылдық қорғау шаралары, ғылыми зерттеулер, тұрақты мониторинг және табиғат қорғау ұйымдарының бірлескен жұмысы ықпал етті. The Explorers Club ұйымының Орталық Азия бөлімшесінің ашылуы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен экспедициялар ұйымдастыруға және өңірдің табиғи мұрасын зерттеуге жаңа мүмкіндіктер береді, – делінген іс-шара туралы ақпаратта.
Осылайша, Қазақстанның жабайы табиғатты қорғау саласындағы тәжірибесі халықаралық ғылыми қауымдастыққа ұсынылып, киіктерді сақтап қалу және олардың санын қалпына келтіру мәселелері халықаралық деңгейде талқыланды.