Студент өліміне байланысты ҚазҰУ-да проректор мен декан жұмысынан кетті

Қар. 18, 2026, 4:18 Т.Ж.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студент өліміне байланысты мәлімдеме жасады.

Фото: Gov.kz

Университет баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдайға байланысты ЖОО басшылығы тарапынан шұғыл шаралар қабылданған. Атап айтқанда, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, сондай-ақ география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылған.

Одан бөлек жатақханада сол күні кезекшілікте болған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетілген. Қазір олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.

- Болған оқиға – университет қауымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Студентіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды. Университет отбасымен байланыста және қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын, - деп хабарлады университеттен.

Сондай-ақ қазір барлық жатақханаларда кешкі бақылау күшейтіліп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілгені атап өтілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайтынын, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге көмек көрсетіп жатқанын және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделі екенін мәлімдеді.

Теги: