Алматыда зейнеткерді аялдамада себепсіз ұрып-соққан күдікті ұсталды

24 Сәуір 2026

Алматының Бостандық ауданында белгісіз ер адам автобус аялдамасында 66 жастағы әйелге шабуыл жасады.

Бейнежазбадан
Фото: Бейнежазбадан

Оқиғаның видеосын әлеуметтік желіде зардап шеккен әйелдің қызы жариялады. Оның айтуынша, шабуыл «Алматы» шипажайы көшесінде болған.

— Анамыз аялдамада автобус күтіп тұрған. Белгісіз жас жігіт сыртынан келіп, айналада ешкім жоқ сәтті пайдаланып, оны аяусыз соққыға жыққан. Қазір анамыз ауруханада жатыр, жағдайы өте ауыр, — деп жазды ол.

Қалалық Полиция департаменті аталған дерек бойынша Бостандық аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

— Қылмыс ізі суымай ашылды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің тұлғасы анықталып, ол ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті зерттеуге бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп атап өтті ПД баспасөз қызметінен.

Полиция өкілдері жазаның бұлтартпастығы қағидасы ішкі істер органдары жұмысының негізгі ұстанымы болып қала беретінін атап өтті. Кез келген құқыққа қайшы әрекеттердің, әсіресе зорлық-зомбылықпен ұласқан қылмыстардың жолы кесіліп, кінәлілер заң аясында толық жауапқа тартылады.

Тегтер: