Астана-Ұланбатыр арасындағы тікелей әуе қатынасы қайта жанданады

21 Сәуір 2026

Бүгін елордада Қазақ-моңғол бизнес форумы өтеді. Бұл туралы Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

канва
Фото: канва

- Бүгін елордамызда Қазақ-моңғол бизнес форумы өтеді. Оған Моңғолиядан келген көптеген компания қатыспақшы. Біз мұны толық құптаймыз. Сіздің тарапыңыздан көрсетілген қолдауға ризашылығымды білдіремін. Мәдени-гуманитарлық байланыс қос халықтың достығын бекемдей түсуге оң ықпал етіп отыр. Біз Астана мен Ұланбатыр арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта жандандыруға келістік. Білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы жетістіктеріміз де аз емес. Қазақстанда білім алуға ниеті бар моңғол жастарына есігіміз әрдайым ашық, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жақында Ұланбатырда өткен бокстан Азия чемпионатына тоқталды.

- Дүбірлі дода кезінде қазақ спортшыларына қонақжайлылық көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Өзіңіз білетіндей, қазақ боксшылары жалпы командалық есепте 1-орын алды. Мемлекеттеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастық жылдан-жылға артып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Сіздің бүгінгі сапарыңыздың қорытындылары ықпалдастығымызға тың серпін беретініне кәміл сенемін, - деді Мемлекет басшысы.

Тегтер: