Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» ірі жобаларының орындалу мерзімін сынға алды

4 Қараша 2026

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорының ірі инвестициялық жобаларын жүзеге асыру мерзімдерінің бұзылуына сын айтты. Ол қор мен еншілес компаниялар басшылығына жобалардың уақытылы аяқталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Үкімет
Фото: Үкімет

«Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесі отырысында Қордың 2026 жылғы 9 айдағы қызметінің қорытындылары, оның ішінде, негізгі қаржылық және өндірістік көрсеткіштер, отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары қаралды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында ірі инвестициялық жобалардың уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеріне назар аударылды.

Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов есепті кезеңдегі қызмет нәтижелері туралы баяндады. Қор кірісі 13%-ға, ал таза пайдасы 19%-ға өскен. Негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша жоспар орындалды.

Сонымен қатар директорлар кеңесіне жалпы құны 43,8 трлн теңгені құрайтын 69 ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат ұсынылды. Инвестициялардың басым бөлігі мұнай-газ өнеркәсібіне, мұнай-газ химиясы және дәстүрлі электр энергиясын өндіру саласына бағытталған. Сондай-ақ газ тасымалдау, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, көлік, коммуникация және басқа да бағыттар қамтылады. Бүгінгі таңда 44 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, қалғандары жүзеге асырудың түрлі кезеңдерінде екені айтылды.

Қордың негізгі жобаларының бірі ретінде биылғы қазан айында іске қосылған Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы халықаралық деректер алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге және екі елдің цифрлық байланысын нығайтуға бағытталған ұзындығы 380 шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желісі аталып отыр. Сондай-ақ Қордың Гонконг қор биржасында және «Астана» халықаралық биржасында 3 млрд юань сомасындағы юаньмен номинацияланған облигацияларын алғаш рет орналастыруы атап өтілді. Бұл қадам халықаралық капитал нарықтарына қолжетімділікті арттырып, ел экономикасына қосымша инвестициялар тартуға серпін береді. Көлік әлеуетін дамытудың маңызды кезеңі

Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісі бойынша қозғалысты іске қосу. Осы жылдың қазан айында бұл бағыт бойынша қазақстандық көмірмен Өзбекстанға алғашқы жүк пойызы жөнелтілді. Магистральды іске қосу темір жол желісінің өткізу қабілетін едәуір кеңейтуге, жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға және қазақстандық өнімді Орталық Азия елдеріне экспорттау үшін қосымша жолдар ашуға мүмкіндік береді.

Отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі жұмыс шеңберінде Қордың қазақстандық компаниялардан 9 айда сатып алу көлемі шамамен 1,4 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45%-ға артық. Есепті кезеңде офтейк-келісімшарттардың көлемі 73 млрд теңге болды. Сонымен қатар жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы жалғасуда. 2027–2028 жылдары Астана, Түркістан және Петропавл қалаларында бірқатар ірі медициналық нысанды аяқтау, сондай-ақ инклюзивті спорт, оңалту, білім беру және мәдениет саласындағы жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мерзімдерін бұзу фактілеріне жол бергені үшін Қор мен еншілес компаниялардың басшылығын сынға алып, белгіленген мерзімдердің сақталуын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ оларды жүзеге асыру шеңберінде сатып алынатын тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесін ұлғайту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Бұдан бөлек, жүзеге асырылып жатқан жобаларды, оның ішінде Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында өндіруші қуаттарды іске қосу, газ өңдеу зауыттарын салу жөніндегі жобаларды уақтылы пайдалануға беруді күшейтілген бақылауға алу тапсырылды.

Тегтер: