Қазақстан мен АҚШ су тасқынының алдын алу жөніндегі бағдарламаны қабылдады

25 Маусым 2026

Қазақстан мен АҚШ қар жамылғысын әуе арқылы мониторингтеу және су тасқынының алдын алу жөніндегі кезең-кезеңімен іске асырылатын бағдарламаны пысықтап жатыр.

Су ресурстары және ирригация министрлігі
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов қар жамылғысын әуе арқылы мониторингтеуге маманданған Dynamic Aviation және Airborne Snow Observatories Inc. компанияларының өкілдерімен кездесті.

Кездесуге АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің өкілдері де қатысты. Тараптар қар жамылғысын мониторингтеу, көктемгі су ағынын болжау және су тасқыны қаупі туралы ерте ескерту саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Өзен бассейндері бойынша деректер жинау, картографиялық материалдар мен талдамалық есептер әзірлеу үшін заманауи авиациялық технологияларды қолдану мүмкіндіктеріне, сондай-ақ алынған ақпаратты министрліктің қолданыстағы модельдері мен ақпараттық жүйелеріне интеграциялауға ерекше назар аударылды.

Талқылау қорытындысы бойынша бағдарламаны кезең-кезеңімен іске асыру туралы шешім қабылданды. Бағдарлама ауқымы біртіндеп кеңейтіліп, Қазақстанның су ресурстарын басқару саласындағы ұзақ мерзімді міндеттеріне бағытталады.

Алғашқы кезеңде жұмыстар Жабай өзені бассейнінде жүргізіледі. Мұнда авиациялық технологиялардың көмегімен қар жамылғысына жоғары дәлдіктегі өлшеулер жүргізіліп, алынған деректер министрліктің қолданыстағы модельдері мен жүйелеріне енгізіледі. Бұл әдістемені сынақтан өткізуге, отандық мамандарды даярлауға және бағдарламаны еліміздің өзге өңірлеріне кеңейтудің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Су ресурстары және ирригация министрлігі мәліметінше, одан кейінгі кезеңдерде мониторинг және болжау жөніндегі қызмет үлгілердің сапасын одан әрі арттыру, деректерді интеграциялау және бірлескен техникалық әлеуетті дамыту мақсатында қосымша басым су жинау бассейндері мен өңірлерге таратылады.

Ұзақ мерзімді перспектива Су ресурстарын кешенді басқару, су тасқыны тәуекелдерін азайту, су қоймаларын пайдалану және климаттық тұрақтылықты арттыру мақсатында Қазақстанның барлық аумағына осы мүмкіндіктерді масштабтауды көздейді.

Кездесу барысында қазақстандық мамандарды даярлау, деректерге қол жеткізу және оларды басқару, жобаға қатысушы ұйымдар арасындағы міндеттер мен жауапкершілікті бөлу, сондай-ақ жобаны іске асыруға қажетті техникалық және әкімшілік рәсімдер мәселелері де талқыланды.

– Қазақстан үшін заманауи деректердің болуы ғана емес, сонымен қатар басқарушылық шешімдерді алдын ала қабылдауға, су тасқыны қаупін төмендетуге және халықты, инфрақұрылымды әрі ауыл шаруашылығын қорғауға мүмкіндік беретін тиімді практикалық құралдың болуы маңызды, - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кезең-кезеңімен іске асырылатын бағдарламаны және оны Қазақстан аумағында жүзеге асырудың келесі қадамдарын талқылауды жалғастыруға келісті.

Тегтер: