Қазақстан Моңғолиямен ынтымақтастықты барынша нығайтуға мән береді - Тоқаев
Қазақстан Моңғолиямен ынтымақтастықты барынша нығайтуға мән береді. Бұл туралы Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Біз Еуразиядағы ежелгі көшпенділер өркениетінің мұрагерлеріміз. Қазақ пен моңғол тарихы ортақ, достығы жарасқан, тамыры бір, салт-дәстүрі ұқсас халықтар. Қазақстан Моңғолиямен ынтымақтастықты барынша нығайтуға мән береді. Бүгінгі сапардың мән-мағынасы зор. Екі елдің қарым-қатынасын бекемдей түсуге жол ашады деп сенеміз. Бұған қажетті саяси ерік-жігеріміз және ниетіміз бар. Сауда-экономикалық әлеуетіміз де жеткілікті. Қазір көпқырлы байланысымыз достық пен өзара қолдау рухында жақсы дамып келе жатыр. Қарым-қатынасымыздың оң сипатына жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог, екі ел Үкіметтері мен Парламенттері арасындағы іс-қимыл тікелей әсер етуде, - деді Президент.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы қазанда Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапарын ерекше сезіммен еске алатынын атап өтті.
- Сапар аясында көптеген уағдаластыққа қол жеткізіп, маңызды құжаттарға қол қойдық. Соның нәтижесінде екіжақты қарым-қатынасымыз стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыз нығая түсуде. Бірқатар жетістік бар. Тауар айналмы жылдан-жылға артып келе жатыр. Өнеркәсіп саласына қатысты нақты жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.