Қазақстан Шанхайда өткен M20+ халықаралық музей конференциясына қатысты
Қытайдағы Шанхай музейінде әлемнің жетекші музейлерінің өкілдері бас қосқан M20+ халықаралық музей конференциясы өтті.
Конференцияға Метрополитен музейінің, Британ музейінің, Рейксмюсеумнің, Бранли жағалауындағы музейдің, Прадо ұлттық музейінің және Қытайдың жетекші музейлерінің өкілдері қатысты. Еліміздің атынан Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі өкілдік етті.
Жиында Қазақстан Ұлттық музейінің халықаралық қызметі, шетелде ұйымдастырған көрмелері, бірлескен ғылыми зерттеулері және әлемнің жетекші музейлерімен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері туралы баяндама жасалды.
Қатысушылар халықаралық мәдени диалогты дамытудағы музейлердің рөлін талқылап, кәсіби байланыстарды нығайту және музей ісіне заманауи тәжірибелерді енгізу жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан мен Қытай музейлерінің ынтымақтастығын дамытуға ерекше назар аударылды. Бұған дейін Қазақстанның Ұлттық музейінде терракота әскері мен жібек өнеріне арналған үш көрме өткен. Ал Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы Шэньси мен Тяньцзинь музейлерінде, сондай-ақ Қытайдың Ұлттық музейінде таныстырылған.
Әріптестік аясында Қытайдың Ұлттық музейімен, Қытайдың Ұлттық жібек музейімен және Шанхай музейімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған. 2026 жылы Қытайдың Ұлттық музейімен бірлескен археологиялық зерттеулер басталды. Зерттеу барысында қола дәуіріне жататын бес мыңнан астам жәдігер табылды.
Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы мен Гонконг сарай музейінің директоры Луис Нг кездесті. Тараптар бірлескен көрмелер ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылап, ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.