Қазақстан туризмін жаңа белеске шығарады: инвестиция мен инфрақұрылым дамып келеді
Бүгінде Қазақстанның туристік саласы тұрақты өсім көрсетіп, өңірлік дамудың негізгі бағыттарының бірі ретіндегі ұстанымын нығайтып келеді.
Туристік ағынның артуы, инвестиция көлемінің рекордтық деңгейге жетуі, инфрақұрылымның белсенді дамуы және қонақүй қорының кеңеюі саланы ұзақмерзімді экономикалық тиімділікке бағдарланған жаңа даму моделіне көшіруге негіз болып отыр. Бұл туралы Үкімет мәлім етті.
Туризм — Қазақстан экономикасының өсімін қамтамасыз ететін әрі еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды салалардың бірі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында туристік нысандардың сапасын одан әрі арттырудың, келешегі зор бағыттардың әлеуетін ашудың және туристік инфрақұрылымды кешенді дамытуды жергілікті атқарушы органдар қызметінің тұрақты басымдықтарының бірі ретінде орнықтырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар орталық деңгейде халықаралық туристер тартуға және салалық заңнаманы жетілдіруге ерекше назар аударылуы тиіс.
—2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің туристік саласы тұрақты өсім көрсетті. Қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындары 10 млн-нан астам қонақты қабылдады. Оның ішінде ішкі туристер саны 8,7 млн адамды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 700 мың адамға артты, — делінген хабарламада.
Сыртқы туризмде де оң динамика сақталып отыр. Орналастыру орындары қызметін 1,4 млн шетелдік турист пайдаланды. Жалпы алғанда, бір жыл ішінде Қазақстанға 15,7 млн шетел азаматы келді. Оның 11,1 млн-ы туристік мақсатпен келген.
Туристік ағынның өсуімен қатар саланың экономикалық қайтарымы да артып келеді. Орналастыру орындарының жиынтық табысы 350,6 млрд теңгеге жетсе, туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асты.
Туризм — экономиканың орнықты секторы
Туристік саланың өсімі негізгі бағыттардың барлығында байқалады: туристер ағыны ұлғайып, орналастыру инфрақұрылымы кеңейіп, инвестициялық белсенділік артып келеді.
— Былтыр Қазақстандағы орналастыру орындарының саны 4 482 бірлікке жетті, ал олардың жалпы сыйымдылығы 232 мыңнан астам төсек-орынды құрады. Былтырмен салыстырғанда саланың инфрақұрылымы 179 нысанға және 7 мыңнан астам орынға артты. Саланың жүйелі дамуы ұзақмерзімді үрдістермен де расталады. Соңғы 15 жыл ішінде орналастыру орындары қызметін пайдаланған қонақтар саны төрт еседен астам өсіп, 2,3 млн-нан 9,1 млн адамға дейін жетті, — деп хабарлады Үкіметтен.
Шетелдік туристер саны екі еседен астам — 513 мыңнан 1,3 млн адамға дейін, ал салаға жыл сайынғы инвестициялар көлемі жеті есеге жуық — 144 млрд теңгеден 975 млрд теңгеге дейін өсті.
Туристердің тұтыну шығындары дамудың жеке индикаторы ретінде қарастырылады. 2025 жылы 11,8 миллионға жуық туристік сапар жасалды, оның 10,2 миллионнан астамы ішкі туризмге қатысты. Туристердің жиынтық шығындары 1,13 трлн теңгені құрады, бұл көлік, қоғамдық тамақтану, сауда және қызмет көрсету салалары үшін маңызды мультипликативтік әсер берді.
2029 жылға дейінгі тұжырымдама: әртараптандыру және сапаны жақсарту
Үкіметтің мәліметнше, саланы одан әрі дамыту туризмді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде жүргізілетін болады. Жаңартылған жоспар 6 бағытты қамтиды, оның ішінде 61 іс-шара бар. Қосымша 2026-2029 жылдарға арналған Жол картасы дайындалды, онда тағы 119 іс-шара көзделген. Мақсатты бағыттардың бірі — 2029 жылға қарай ішкі туристер санын 11 миллион адамға дейін арттыру.
— Туристерге ұсынылатын бағдарламалардың әр алуан болуына ерекше назар аударылып отыр. Қазірдің өзінде әдеттегі бағыттардан бөлек, елімізде экотуризм, агротуризм, автотуризм, ат спорты маршруттары, гастрономиялық және іскерлік MICE-туризм дамытылуда. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер туризмі жолға қойылуда, ол соның ішінде саяхатты білім беру бағдарламаларымен біріктіретін «Табиғат сабақтары» жобасы арқылы дамитын болады, — делінген хабарламада.
Инвестициялар мен халықаралық брендтер саланы күшейтеді
Өсу драйверлерінің бірі инвестициялар ағыны және халықаралық қонақ үй операторларының қатарын кеңейту болып отыр.
Алдағы жылдары еліміздің 11 өңірінде әлемдік деңгейдегі 24 қонақ үй салу жоспарлануда. Жобалар жеңілдікпен несие беру және инвестициялық преференция тетіктері арқылы мемлекеттік қолдау аясында жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың қатарына Қонаевтағы Hilton және Marriott халықаралық желілерінің қонақ үйлері, Павлодардағы Novotel, Қостанайдағы Courtyard by Marriott, Қызылордадағы Rixos, сондай-ақ Алматыдағы Hilton Garden Inn, Hilton Park Almaty және Radisson Blu жобалары жатады. Шымкентте жаңа Hilton қонақ үйінің ашылуы жоспарланған.
Халықаралық желілердің келуі сервис сапасын арттыруға көмектеседі, нарықтағы бәсекелестікті күшейтеді және Қазақстанды шетелдік туристер үшін тартымды бағытқа айналдырады.
Жазғы маусымға дайындық: туристік дестинацияларды дамыту
Жазғы туристік маусымға қарай өңірлерде танымал бағыттарды дамыту және саяхатшылар үшін жайлылықты арттыру бойынша жұмыстар күшейтіледі. Алматы облысында Қонаев қаласы мен ұлттық парктердің туристік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Инвестиция көлемі 4,5 млрд теңгені құрайтын № 5 жағажай абаттандырылып, қазіргі уақытта № 6 және № 7 жағажайлардың құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Қайыңды көліне және «Көшпенділер қаласы» нысанына апаратын кіреберіс жолдар жақсартылып, «Алатау аманаты» туристік бағыты дамытылмақ.
Жетісу облысында Алакөл жағалауын дамытуға және курорттық аймақтың көлік қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта құны 5,5 млрд теңгені құрайтын Үшарал әуежайының жаңа терминалының жобасы әзірленуде. Сонымен қатар әуе рейстерін субсидиялау жұмыстары жалғасып, теміржол қатынасының ауқымы кеңейтілуде. Қарағанды облысында Балқаш индустриялық аймағы мен Қарқаралы ауданын қамтитын туристік кластер қарқынды дамып келеді. Балқаш әуежайы жаңғыртылып, қонақүй жобалары мен туристерге арналған визит-орталықтар іске қосылуда. Сонымен қатар өңір туристер ағынын арттыру мақсатында өзінің бірегей мәдени, спорттық және танымдық іс-шаралар күнтізбесін қалыптастырып келеді.
Маңғыстау облысында жағажайлар мен жағалауларды жаңғыртуға, сондай-ақ демалушылардың қауіпсіздігін арттыруға басымдық берілуде. Осы бағытта туристік нысандарды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, танымал демалыс аймақтарында бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда. Бурабай, Баянауыл және Имантау-Шалқар курорттық аймағында туристік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, құтқару стансалары салынып, экологиялық соқпақ жолдар желісі дамытылуда және туристік нысандарға көлікпен қатынау қолжетімділігі жақсартылған.
Almaty SuperSki: жобалаудан құрылысқа дейін
Қазақстандағы ең ауқымды туристік жобалардың бірі — Almaty SuperSki тау-шаңғы курорты. Қазіргі таңда жоба дайындық кезеңінен шығып, нақты құрылыс және жүзеге асыру сатысына өтуде. Негізгі серіктестер ашық халықаралық конкурстар арқылы анықталады. 11 заманауи аспалы жолдың құрылысына бүкіл әлем бойынша мыңдаған жобаларды жүзеге асырған осы саладағы әлемдік көшбасшылардың бірі — Poma француз компаниясы жауап береді. Курортта әртүрлі типтегі гондолалар мен креслолардың заманауи жүйесін құру жоспарлануда. Сәулет пен инженерлік шешімдерге ерекше назар аударылады. Foster + Partners халықаралық бюросының тұжырымдамасына сәйкес құрылыста заманауи ағаш конструкциялар қолданылады. Оларды жобалау мен өндіруді күрделі қатты ағаш нысандарымен жұмыс істеу тәжірибесімен танымал канадалық StructureCraft компаниясы жүзеге асырады. Құрылыс алаңында жұмыстар қазірдің өзінде басталды. Almaty SuperSki курортын іске қосу 2028 жылдың желтоқсанына жоспарланған.
Жоба туристер үшін жаңа тартымды орталыққа айналып, Алматы таулы кластерінің әлеуетін ашуға ықпал етеді деп күтілуде. Сонымен қатар ол қызмет көрсету саласына және экономикадағы сабақтас салаларға қосымша серпін бермек.
Цифрландыру мен оқиғалық туризм — саланы дамытудың жаңа драйверлері
Цифрлық шешімдер туризмді дамытудың маңызды құралдарының біріне айналып келеді. Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталы туристерге бірнеше тілде еліміздің туристік бағыттары, маршруттары мен ел бойынша саяхаттау мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынады. Сонымен қатар Қазақстан қонақтарына арналған жаңа сервистер де дамып келеді: E-Guides жүйесі, шетелдік туристерге арналған QR-шешімдер және негізгі туристік қызметтерді бір цифрлық ортаға біріктіретін TravelStan мобильді қосымшасы.
Саланың маңызды бөлек бағыты — оқиғалық туризм. 2026 жылғы күнтізбеге мәдениет, этнография, спорт, гастрономия және өзге де бағыттарды қамтитын 55 іс-шара енгізілді.
Жыл басынан бері өңірлерде бірқатар ірі шаралар өтті. Олардың қатарында Astana Symphony дәстүрлі өнер мен музыка фестивалі, Burabay Ice қысқы фестивалі, «Амал келді — Жыл келді» этномәдени фестивалі, «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалі, Eurasian Book Fair халықаралық кітап көрмесі, «Тараз — қолөнершілер қаласы» фестивалі, «Қызғалдақ-мұра» халықаралық фестивалі, Сиверс алмасының гүлдеу фестивалі және PGL Astana 2026 халықаралық киберспорт турнирі бар. Өткен іс-шаралар тұрғындар мен туристер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, өңірлердің мәдени және туристік әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік берді.
Оқиғалар күнтізбесіндегі негізгі шаралар жазғы маусымға жоспарланған. 2026 жылғы маусым айда еліміздің өңірлерінде бірқатар ірі іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында «Тары Fest» этнофестивалі, «Алтын бесік — Ақсуат» өнер және спорт фестивалі, Beu Fest жастар музыка фестивалі, The Spirit of Tengri халықаралық фестивалі, «Көкмайса-2026» ұлттық тағамдар фестивалі, «Қазыналы Каспий» халықаралық фестивалі, Balkhash Tour Fest жазғы фестивалі, «Қымызмұрындық» этнофестивалі және «Жолан жүйрігі» халықаралық бәйгесі бар. Бұл іс-шаралар оқиғалық туризмді дамытуға, өңірлік брендтерді ілгерілетуге және жазғы кезеңде туристер ағынын арттыруға ықпал етеді.
Іс-шаралар күнтізбесін кеңінен насихаттау мақсатында event.qaztourism.kz веб-нұсқасы іске қосылды. Сондай-ақ халықаралық туристік көрмелерде және шетелдік туроператорлармен жұмыс барысында қазақстандық іс-шараларды таныстыру үшін ағылшын тіліндегі арнайы буклет әзірленді.
Туризм — орнықты дамудың маңызды факторы
Бүгінде Қазақстанда туризм тек демалыс саласы ретінде ғана емес, өңірлер экономикасына, инвестициялық белсенділікке және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін толыққанды сала ретінде дамып келеді. Туристер санының артуы, саладан түсетін кірістің өсуі, инфрақұрылымның жаңаруы және цифрлық шешімдердің енгізілуі еліміздің халықаралық туристік картадағы орнын нығайтуға берік негіз қалыптастырып отыр.
Мемлекеттік бастамалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы және бизнестің белсенді қатысуы туризмді Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық өсімінің маңызды драйверлерінің біріне айналдыруға мүмкіндік береді.