Қызылорданың күріш алқаптарында су есептеу құрылғылары сынақтан өткізіліп жатыр

24 Маусым 2026

Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты отандық автоматтандырылған су өлшеу құрылғыларын сынақтан өткізуді бастады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Су ресурстары және ирригация министрлігі
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бұл құрылғылар суару каналының жеті нүктесіне орнатылған. Бұл суару суын есепке алу дәлдігін арттырып, оны пайдалануды бақылаудың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар институт базасында автоматтандырылған метеостанция жұмыс істейді. Оның деректері агротехникалық шараларды жоспарлауға, ауа райы жағдайын бағалауға, егіс алқаптарының жай-күйін бақылауға және су ресурстарын тиімді пайдалануға қолданылады. Қазіргі уақытта институтта су үнемдеу технологияларын зерттеу, цифрлық платформалар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу, сондай-ақ күріш шаруашылығында су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін қолдану бағытында бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Суды цифрлық есепке алу жүйелерін дамыту мен мониторинг үдерістерін автоматтандыруға ерекше мән беріліп отыр. Бұл су шығыны туралы неғұрлым нақты әрі жедел деректер алуға, адами фактордың әсерін азайтуға, су ресурстарын бөлудің ашықтығын арттыруға және басқарушылық шешімдерді негізді түрде қабылдауға мүмкіндік береді. Автоматтандырылған есепке алу және мониторинг жүйелерін енгізу су шығынын азайтуға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға, аграрлық салада цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға және Қызылорда облысының су шаруашылығын басқару тиімділігін арттыруға ықпал етеді,– деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Цифрландыру департаментінің директоры Ердәулет Жұмат.

Тегтер: