Олжас Бектенов: Қазақстан шикізат моделінен терең өңдеу экономикасына көшуді жеделдетеді

11 Маусым 2026

Қазақстан тау-кен металлургия саласын дамытуды өндіру көлемін ұлғайтудан да ауқымдырақ тұрғыдан қарастырады. Бұл туралы Олжас Бектенов 16-шы Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресінде айтты, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметрі.

Үкімет
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов стратегиялық міндет – саланың жаңа моделін қалыптастыру екенін атап өтті, онда еліміз шикізат жеткізуші ретінде ғана емес, әлемдік нарықтарда сұранысқа ие бәсекеге қабілетті өнеркәсіптік өнім өндіруші ретінде де өз позициясын нығайта түспек.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев негізінен шикізаттық модельден тұратын экономиканы терең өңдеуге және жоғары қосылған құнға кезең-кезеңімен көшіру міндетін қойды. Бүгінде терең өңдеуді дамытуға және қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соңғы екі жылда жалпы құны $1 млрд-тан асатын катодты мыс, ферросилиций, ферроқорытпалар және басқа да өнімдер шығаратын бірқатар ірі өндірістер пайдалануға берілді,— деп атап өтті Премьер-министр.

Абай облысында жалпы құны $1,5 млрд-тан асатын мыс балқыту зауытын салу жобасы жүзеге асырылуда, ол бүгінде экспортталатын мыс концентратын іс жүзінде толықтай ел ішінде өңдеуге мүмкіндік береді. Павлодар облысында жылына 300 мың тонна алтын-мысты концентрат және 15 тоннаға дейін алтын өндіру қуаттылығымен гидрометаллургиялық комбинат салынуда. «Qarmet» компаниясы Қарағанды облысындағы металлургиялық өндірісті ауқымды жаңғыртып, автомобиль болатын өндіру ісін қоса алғанда, қосылған құны жоғары өнім шығаруды жолға қоюды жоспарлап отыр. Бұл тек жеке инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы емес.

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан заманауи өндірістерді дамытуға, технологияларды енгізуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға негізделген жаңа индустрияландыру бағытын жүйелі түрде жүзеге асыруда. Осы міндеттерді орындау мақсатында Қазақстан АҚШ, Қытай, Еуропалық Одақ, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің ірі компанияларымен белсенді ынтымақтасуда. Біз капитал тартумен ғана шектеліп қалмай, ұзақмерзімді технологиялық серіктестіктерді дамытуға, өндірістерді локализациялау мен технологияларды трансферттеуге және білікті кадрлар даярлауға да мүдделіміз. Міне, дәл осындай тәсіл ел ішінде тұрақты өндірістік тізбектер қалыптастыруға мүмкіндік береді және Қазақстанның әлемдік өнеркәсіптік жүйеге тереңірек интеграциялануын қамтамасыз етеді. Қазақстан стратегиялық шикізаттың сенімді жеткізушісі ретінде өз позициясын нығайтып, терең өңдеуді және қосылған құны жоғары өнім шығаратын орталыққа айналуды, сондай-ақ стратегиялық маңызды минералдар мен заманауи технологиялар саласында ірі халықаралық жобаларды жүзеге асыру алаңына айналуды көздейді, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгін біздің елдеріміз үшін әлемдік экономикадағы позицияны нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр.

— Біздің міндетіміз – осы мүмкіндікті индустриалды дамуды жеделдету, инвестиция тарту, озық технологияларды енгізу және жаңа деңгейдегі экономиканы қалыптастыру үшін пайдалану. Мен Қазақстанның Еуразиядағы жетекші тау-кен металлургиялық орталықтардың бірі болып, халықаралық бизнес үшін сенімді серіктеске айналу үшін барлық қажетті алғышарттарға ие екеніне сенімдімін. Бүгінгі Astana Mining & Metallurgy Конгресі аясындағы диалог тау-кен металлургия кешенін әрі қарай дамытуға және оның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін, — деп атап өтті Премьер-министр Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресінде сөйлеген сөзінде.

Тегтер: