Қазақстан мен Пәкістан $645 млн-ға сауда көлемін арттыруды көздеп отыр

3 Қараша 2026

Қазақстан мен Пәкістан сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтіп, жаңа көлік дәліздерін дамытуға ниетті.

Ұлттық экономика министрлігі
Фото: Ұлттық экономика министрлігі

Алматыда өткен кездесуде тараптар бесжылдық Жол картасын аяқтау, Пәкістан порттарына шығатын теміржол бағытын іске асыру және тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру мәселелерін талқылады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді.

Алматыда Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумы аясында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Пәкістанның Федералдық инвестициялар жөніндегі министрі Кайсер Ахмед Шейхпен кездесті.

Кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инвестиция тарту және көлік-логистика байланысын дамыту мәселелері қаралды.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған бесжылдық Жол картасын түпкілікті пысықтау және оның орындалуын үйлестіретін жоғары деңгейдегі жұмыс тобын құру жөнінде келісті. Жұмыс тобына Қазақстан тарапынан Серік Жұманғарин, ал Пәкістан тарапынан министр Ахсан Икбал жетекшілік етеді. Қазақстан жақын уақытта топ құрамын жасақтап, алғашқы отырысын өткізуді жоспарлап отыр.

Серік Жұманғариннің айтуынша, екі ел арасындағы сауданы кеңейтуге мүмкіндік бар. Атап айтқанда, 218 тауар позициясы бойынша өзара сауданы шамамен 645 млн долларға арттыру әлеуеті бағаланып отыр.

Бұл бағытта металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, азық-түлік және мұнай-химия салаларындағы тауар жеткізілімін ұлғайтуға басымдық берілмек.

Кездесуде көлік-логистика мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстыратын, соның ішінде Пәкістанның теңіз порттарына шығуға мүмкіндік беретін бағыттарды дамытуға мүдделі.

Осы орайда тараптар CASA теміржол жобасының перспективаларын талқылады. Биыл 30 қыркүйекте Қазақстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан аумағы арқылы өтетін жаңа теміржол бағытын құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Жоба Пәкістанның теңіз порттарына шығуға мүмкіндік беруді көздейді.

Сонымен қатар Серік Жұманғарин Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтірудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл іскерлік, туристік және гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал етеді.

Тегтер: