Президент Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы сот төрағаларымен кездесті

18 Маусым 2026

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ақорда
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғарғы соттарының екінші конференциясына қатысу үшін арнайы келген Әзербайжан Республикасының Жоғарғы сот төрағасы Инам Керимовты, Қырғыз Республикасының Жоғарғы сот төрағасы Медербек Сатыевты, Түркия Республикасының Кассациялық сот төрағасы Омер Керкезді, Түркия Республикасының Мемлекеттік кеңес төрағасы Зеки Йигитті, Өзбекстан Республикасының Жоғарғы сот төрағасының бірінші орынбасары Алишер Усмановты қабылдады.

Президент меймандарға ілтипат білдіріп, бауырлас елдер ынтымақтастығын нығайтуда Түркі мемлекеттері ұйымының рөлі айрықша екенін айтты

– Осы тұста ұйымға мүше мемлекеттердің сот және құқық қорғау саласындағы ықпалдастығы күшейіп келе жатқанын атап өту қажет. Ертең Түркістан төрінде өтетін алқалы жиын соның айқын көрінісі болмақ. Әрбір өркениетті елдің өсіп-өркендеуі үшін сот жүйесінің маңызы зор. Сондықтан жоғарғы соттар арасындағы өзара тығыз байланысты тереңдету бауырлас елдеріміздің ортақ мүддесіне толық сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір көптеген елдер жаһандық технологиялық өзгерістер көшінен қалып қоймау үшін заман талабына қарай қарқынды даму жолына түсіп жатқанына назар аударды.

– Осы бағытта біз де күш-жігер біріктіріп, жұмыла әрекет етуіміз керек. Ертең Түркістанда өтетін конференцияда сот саласын цифрландыру мәселесі жан-жақты талқыға түседі. Сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау және басқа да маңызды мәселелер қаралады. Мұндай күн тәртібі өте орынды және өзекті деп айтуға болады. Осы мәселелер бойынша пікір алмасу біздің ұйымның одан әрі дамуына және оның беделінің күшеюіне үлкен серпін берері сөзсіз. Баршаңызға белгілі, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы барлық игі бастамаларды қолдайды, алдағы уақытта да солай болмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Тегтер: