Заңсыз мұнай айналымы мен жанармай контрабандасына тосқауыл қойылды

25 Маусым 2026

Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі ІІМ және Шекара қызметімен бірлесіп жанар-жағармай материалдарын ел аумағынан заңсыз шығарудың 712 әрекетінің жолын кесті. Мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мен контрабандасы фактілері бойынша 8 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы ҚМА мәлім етті.

ҚМА
Фото: ҚМА

Мәселен, Маңғыстау облысында 2022 жылдан бері есепке алынбаған 28,5 мың тоннадан астам мұнайды өңдеген заңсыз шағын мұнай өңдеу зауытының қызметі әшкереленді. Өндірілген өнім мазут ретінде рәсімделіп, шетелге шығарылған.

— Түркістан облысында мемлекеттік шекара астынан арнайы қазылған тоннель арқылы Өзбекстан Республикасына бензин контрабандасын ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топтың заңсыз қызметі тоқтатылды. Аталған іс бойынша кінәлі тұлғалар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Қырғыз Республикасына АИ-92 маркалы бензинді заңсыз тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Заңсыз шығарылған жанармай көлемі 190 мың тоннадан асып, оның құны 37 млрд теңгеден жоғары болған.

— Кезекті заңсыз тасымалдау әрекеті кезінде «Түрксіб» станциясында шамамен 500 тонна бензин тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталды. Құны 138 млн теңге болатын тәркіленген бензин мемлекет кірісіне айналдырылды, — деп хабарлады агенттіктен.

Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу мақсатында Агенттік мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау схемаларын анықтау және жолын кесу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып жатыр.

Тегтер: